Алғыс айту – игі үрдіс

0
902

1 наурыз – Алғыс айту күні. Қазақстан Халықтары Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келген айтулы күнде аумалы-төкпелі заманда елімізге жер ауып келген өзге ұлт пен этнос өкілдеріне құшақ ашып, қонақжайлық танытқан қазақ халқына алғыс айтылуы жоспарланған. Мемлекет басшысы 2016 жылдың 14 қаңтарында қол қойған жарлығымен көктемнің алғашқы күнін титулды ұлтқа алғыс айту күні етіп бекітті.

Бір шаңырақ астында түрлі мәдениет пен дін өкілдерінің басын қосқан елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің баласындай ғұмыр кешіп келеді. Соның бірі елордамыз Астана қаласында орын тепкен «SPECTRUM» халықаралық мектебінде бүгінде «Алғыс айту күні» мерекесі осымен үшінші жыл қатарынан тойланып келеді.

«SPECTRUM» халықаралық мектебінің директоры Артур Тулепбеков осы орайда былай дейді:

«Мектебімізде ата-аналарымыз, оқушыларымыз, ұстаздарымыз – бүкіл ұжым болып «Алғыс айту күніне» белсенді атсалысуда. Елбасы 1 наурызды алғыс айту күні деп бекіткен уақыттан бастап мектеп ұжымы қалдырмай өткізіп келеді».

Алғыс айтудың маңыздылығының қарым-қатынасқа тікелей әсер ететінін атап өткен мектеп басшысы: «Алғыс айту балалар арасында, жалпы, мектеп ұжымы арасында қарым-қатынасты жақсарту үшін қолға алынып жатыр. Алғыс айту арқылы бір-бірімізге сыйлы болуды, қадірлеуді, құрметтеуді мақсат етеміз. Халықаралық мектеп болғандықтан мектебімізде көптеген шет ел азаматтары қызмет етеді. Өз мәдениетімізді, ұлттық мерекелерімізді шет елге таныту барысында «SPECTRUM» халықаралық мектеп ұжымы да өз үлесімізді қосқымыз келеді», – дейді.

Елбасы Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан Халықтары Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын Барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз