БҰҰ Түркияда азаптау әрекеттерінің көбейгеніне алаңдаулы

0
95

Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) азаптаулар жөніндегі арнайы баяндамашысы Нильс Мельцер 2016 жылдың желтоқсанында елге жасаған ресми сапарынан бері түрік полициясында азаптау және қатыгез әрекеттердің болғаны жайлы деректердің көбеюіне байланысты алаңдаушылық білдіреді.

Мельцердің айтуынша, заң-құқық құрылымдарының өкілдері Гүлен қозғалысы мен қарулы Күрд жұмысшылар партиясына (PKK) қатысы бар деген айыптаумен қамауға алынған азаматтарды күштеп мойындату үшін тергеу жүргізудің рұқсат етілмеген әдістерін қолданып, қатыгез әрекеттерге барудан тартынбайды. БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы қатыгез қарым-қатынас ретінде ауыр соққыға жығу, электр тогымен соғу, мұздай су төгу, ұйқыдан айыру, қорқытып сес көрсету, зәбір көрсету, сексуалдық қысым көрсету секілді әрекеттерді санамалап берді.

Арнайы баяндамашының айтуынша, билік бұл оқиғаларды зерттеу немесе кінәлілерді жауапқа тарту үшін елеулі шаралар қабылдамай отыр.

Оның орнына, прокурорлар «Төтенше жағдай туралы» жарлықты (№ 667-ші жарлықтың 9-шы бабы) алға тартып, азаптау туралы арыздарды зерттеуден бас тартты деген болжам бар. Бұл жарлық бойынша, мемлекеттік лауазымды тұлғалар төтенше жағдай кезінде жасаған әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.

«Адамның азаптаулардан және басқа да қатыгез қарым-қатынастан азат болу құқығы – ол абсолютті және шегініс жасауға келмейді: саяси тұрақсыздық немесе басқа да төтенше жағдайлардың өзінде қолданылады», – деп атап өтті арнайы баяндамашы.

«Азаптау –  жай ғана тергеудің танылған тиімсіз әдісі емес, сонымен бірге адамның абыройына (ар-намысы) жасалған ең зор шабуыл. Әр уақытта ең ауыр халықаралық қылмыстардың арасына, соның ішінде әскери қылмыстар мен адамгершілікке қарсы қылмыстардың қатарына да, кіреді».

Мельцердің айтуынша, 2016-ның желтоқсанында Түркияға жасаған жұмыс сапары барысында, төңкеріс әрекетінен әлі көп уақыт өтпеген кезде, үкімет азаптау әрекеттеріне қатысты «нөлдік төзімділік» деп аталатын ресми саясатына деген адалдығын көрсетті.

«Алайда азаптаулар мен қатыгез әрекеттердің жария түрде айыпталуы мен күнделікті тәжірибеде осындай қиянаттың тыйылуын қамтамасыз етуге деген биліктің қауқарсыздығы, меніңше, бұл тыйымды, сайып келгенде, заңның үстемдігін елеулі түрде бұзатын жазасыздық, жайбарақаттық және үндемей бас шұлғу әрекетіне ұласып, осындай атмосфераға алып келген сияқты», – дейді ол.

Арнайы баяндамашы сондай-ақ, азаптаулар және қатыгез әрекеттердің тыйылуын толықтай жүзеге асыру үшін түрік билігімен «тікелей және сындарлы диалог» құруға жалғастыратынын мәлімдеді.

gokhan acikkol

2017 жылдың 21 қарашасында Стокгольм Бостандық Орталығы (SCF) тергеушілері жариялаған «Өлгенше қысым көргендер» атты баяндамада Ыстамбұлдағы полиция бекетінде 13 күн бойы көрген азаптаулар мен қатыгез әрекеттерден кейін қайтыс болған 42 жастағы тарих пәнінің мұғалімі Гёкхан Ачыкколлу жайында да айтылады.

Түркияның бас бостандығынан айыру орындарында отырған кісілердің қатыгез, қорлау, адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынасқа душар болып, азапталуы 2016 жылдың 15 шілдесінде болған төңкеріс әрекетінен кейін елде ұлтшылдық эйфориясы мен діни фанатизмнің ұлғаюына байланысты ерекшелік емес, нормаға айналып отыр.

Стокгольм Бостандық Орталығы (SCF) жүргізген «Түркиядағы күдікті өлімдер мен өз-өзіне қол жұмсау деректері» атты зерттеу жұмыстарына сүйенсек, елде негізінен азаптаулар мен қатыгез әрекеттер жиі болатын қамау орындарында күдікті өлімдердің саны көбейген. Көбіне билік өкілдері тәуелсіз тергеу-тексеру шараларын өткізбей-ақ, түрмеде көз жұмғандарға қатысты өзін-өзі өлтірді деген қорытынды жасай салады.

SCF 2018 жылдың 27 ақпанындағы деректерді негізге алып, Түркияда күдікті өлім мен өзін-өзі өлтірудің 107 фактісі тіркелгенін анықтаған.

Бұл аздай Ердоған билігі шетелдегі оппозиция өкілдерін ұрлаумен айналысып келеді. Заңсыз жолдармен Түркияға жеткізілген азаматтар азаптаулар және қатыгез қарым-қатынасқа тап болуда.


2016 жылдың 15 шілдесінде Түркияда болған даулы әскери төңкерісте 249 адам қаза тапты. Төңкеріс әрекетінен кейін Әділет және даму партиясы («Ақ партия») басшылығындағы үкімет пен өз бетімен президенттік тағына келген Режеп Тайып Ердоған бірден бар айыпты Гүлен қозғалысына жапты.

«Қызмет» қозғалысының рухани көсемі ФетхуллаҺ Гүлен сәтсіз өткен төңкеріске қатысы бар екенін жоққа шығарып, 15 шілде төңкеріс әрекетінің мән-жайын анықтау үшін халықаралық дербес мамандардың шақырылуын талап етті. Бұл шақыруға құлақ аспаған президент Ердоған болмай қалған төңкерісті «Құдайдың берген сыйы» ретінде қабылдады. Гүлен қозғалысына қатысы бар деген желеумен мемлекеттік органдардан түрлі көзқарастағы азаматтарды қызметтерінен шеттетті. Мұнымен тоқтамай, өзіне қарсы келген танымал адамдардың абыройына шабуыл жасады, билік Гүленнің жақтасы деп жариялаған азаматтарды қамауға бағытталған ауқымды тазарту жұмыстарын жүргізді.

2017 жылдың 5 ақпанындағы жағдайға қарасақ, 151 мың 967 мемлекеттік қызметкер жұмыстан босатылды, 132 мың 668 кісіге қатысты қылмыстық іс ашылды. Оның 64 мың 358-і қамауға алынған. 3003 мектеп, жатақхана және университет жабылды. 5 мың 822 ғалым өздерінің негізгі жұмысынан айырылды, олардың көпшілігі не елден кеткен, не түрмеге жабылған. 4 мың 463 судья мен адвокат қызметінен шеттетілді. 189 бұқаралық ақпарат құралының үні өшірілді: 10 мыңнан астам журналист жұмыссыз қалған болса, оның 319-ы абақтыға қамалған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз