Түрмеде дүние салған Гёкхан ұстаздың жазықсыз қамалғаны анықталды

0
106

Түркияда төңкеріс әрекетінен кейін негізсіз айыптаулармен қамауға алынып, шынжыр бұғаулы азапта өткізген он үш күннен кейін көз жұмған Гёкхан Ачыколлу есімді тарих мұғалімінің жазықсыз екені анықталды. Бұл туралы Euronews сайты хабарлайды.

Гёкхан Ачыколлу 2016 жылдың он бесінші шілдесінде болған төңкеріс әрекетінен сегіз күн өткеннен кейін, шілденің жиырма үшінші жұлдызында қамауға алынған еді. 13 күн бойы полиция тарапынан тергеу жұмыстарына да шақырылмаған ұстаз темір тордың арғы жағында тұтқында отырған. Түрік соты бір жарым жыл өткеннен кейін Г.Ачыколлуны кінәсіз деп тауып, бұрынғы кәсібіне оралуына рұқсат беретін қаулы шығарады.

Шешім 2018 жылдың 7 ақпанында «Түркия Республикасы Білім министрлігінде Е2561776 нөмірімен тіркеулі мұғалім Ачыкколлуның қызметіне оралуы» атты қаулымен жарық көрді. Гёкхан Ачыколлуны жұмыстан қуған мектеп директорының бұл шешімді хат күйінде марқұмның жұбайына жеткізгені белгілі болды.

Дүние салғаннан бір жарым жылдан кейін ғана соттың қаулысымен жазықсыз екені дәлелденген Гёкхан ұстаз қамауда отырған кезінде полиция қызметкерлері тарапынан  соққыға жығылып, екі рет ауруханаға түскен болатын. Ыстамбұл қауіпсіздік басқармасының терроризмге қарсы бөлімінде полицияның қоқан-лоқысына шыдамай көз жұмған Гёкхан Ачыколлуның мәйіті «сатқындар мазарында» жерленбекші болған. Онымен қоймай, Түркия Діни Басқармасына қарасты мешіттердің жауапты имамдары марқұмның жаназасын шығарғысы келмей, жақындарын иттей қылған.

ИЗОЛЯТОРДА СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫЛДЫ, ҚАНТ ДИАБЕТІМЕН АУЫРАТЫН

Гёкхан Ачыколлу қамауда болған уақытында медициналық тексерулер кезінде үнемі соққыға жығылғанын, қоқан-лоқы көргенін және тепкінің астына алынғанын айтумен болған. Бірақ оның дегендеріне құлақ асар ешкім табылмаған. Қант диабетімен ауыратын әрі аракідік үрейі қашып (паническая атака) тұратын Гёкхан ұстаз екі рет жүрегі қысылып, ауруханадан бірақ шыққан. Медициналық тексерулер кезінде соққыға жығылғаны анықталғанына қарамастан, әр жолы дым болмағандай түрме изоляторына қайтарылған. Түрмедегі шенділер дәрі-дәрмектерін қабылдауына да рұқсат бермеген.

АЗАПТАУҒА ШЫДАЙ АЛМАЙ, ЖҮРЕК ТАЛМАСЫНАН ДҮНИЕ САЛДЫ

13-ші күні Гёкхан ұстаз азаптауға шыдай алмай, жүрек талмасынан көз жұмған. Жас ұстазға алғашқы медициналық көмекті сол жердегі Сот медицинасы институтының басшысы мен дәрігерлері көрсеткен. Бірақ ол өмірге қайта оралмады. Түркия Адам құқықтары қорының президенті, профессор Шебнем Корур Финджанджы, медициналық зерттеу анықтамаларына сүйен отырып, Гёкхан Ачыколлудың азаптау нәтижесінде жүрек талмасынан дүние салғанын мәлімдеді.


МӘЙІТІН БЕРМЕЙ, ЖАНАЗА НАМАЗЫН ОҚЫМАЙ ӘЛЕК ҚЫЛДЫ

Жанұясы Гёкханның дүние салғанын Ыстамбұл Сот медицинасы институтына шақырылғанда ғана бір-ақ білген. Ачыкколлуның отбасына мәйіттің тек қана бір шартпен, «сатқындар мазарында» жерленетініне уәде берген жағдайда ғана, берілетіндігін айтқан. Алайда Гёкхан Ачыколлуға қатысты сот ісі басталмаған, тіпті ол қамауда отырғанда бір рет болсын тергеуге де алынбаған еді.

Осы оқиғадан кейін Гёкхан ұстаздың отбасы марқұмның денесін туып өскен елі Конья қаласына өз күштерімен жеткізген. Алайда мұнда да мешіт имамдары жерлеу рәсімін орындамаған, себебі Дін істері министрлігінен «сатқындардың жаназасын шығаруға болмайды» деген нұсқаулық келіп түскен еді. Сүйекке түсу, жаназа намазы мен жерлеу рәсімін туыстары өз мүмкіндіктерімен жасаған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз