Мемлекет басшысы Беларусь республикасындағы сапары бойынша брифинг өткізді

0
49

Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасына ресми сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Беларусь Республикасына ресми сапары аясында өткен келіссөздерді қорытындылады.

Қазақстан Президенті берік әріптес саналатын екі ел арасындағы қарым-қатынастардың ашық әрі сенімді сипаты бар екенін айтты.

 Бүгінде біздің арамызда өзара оңтайлы шешімі табылмаған мәселе жоқ. Біз екіжақты күн тәртібінің кең ауқымды мәселелерін қарастырдық,

– деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Александр Лукашенко екіжақты қарым-қатынас және интеграциялық бірлестік тұрғысынан стратегиялық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Біз 25 жыл ішінде жай дос қана емес, сондай-ақ стратегиялық, экономикалық серіктеске айналдық. Қазақстан біз үшін екіжақты байланыстар тұрғысынан да, интеграциялық бірлестіктер мен халықаралық ұйымдар аясында да маңызды әрі уақыт сынынан өткен одақтас,

–деді  Беларусь Президенті.

Қазақстан Президенті келіссөздер барысында сауда-экономикалық саладағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше мән берілгенін атап өтті.

Мемлекет басшысы БАҚ өкілдеріне биылғы 9 айда елдеріміз арасындағы тауар айналымының көлемі 60 пайыздан астамға артып, 441 миллион АҚШ долларын құрағанын айтты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев екі ел үкіметтері еуразиялық интеграция әлеуетін ескеріп, өзара сауда-саттық жасау барысында пайдаланылмаған резервтерді тартуды жандандыру қажет екенін атап өтті.

Мен біздің сауда номенклатурамызды кеңейту бағытында жұмыс істеуді ұсындым. Өнеркәсіп кооперациясын нығайтуға және екіжақты сауда-саттық көлемін арттырудың нақты деректеріне айрықша мән берілді,

– деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы комбайн, трактор, сондай-ақ карьерлік, жүкті өзі аударатын, тіркемелі және басқа да техникалар шығару жөніндегі бірлескен кәсіпорындар қызметінің тиімділігін арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқанын айтып, көлік-транзиттік өзара іс-қимылдың зор мүмкіндіктері бар екеніне назар аударды, сондай-ақ оның аясын кеңейту орынды екенін атап өтті.

 Соңғы алты жыл ішінде Қазақстан мен Беларусь арқылы тасымалданатын Қытай мен Еуропа арасындағы жүк көлемі 100 есеге жуық артты. 2018 жылы бұл көлем екі есе өседі деп күтілуде. Біз осы саладағы Астана мен Минскінің ынтымақтастығы жөніндегі одан әрі іс-қимылдарын белгіледік,

– деді Қазақстан Президенті.

Беларусь Президенті ІТ-технологиялар саласындағы екі ел ынтымақтастығының перспективалы екенін айтты.

 Бұл сапар екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастады. Инновациялар мен жоғары технологияларға мән бере отырып, өзара капитал салу оның басты ерекшелігі болып табылады,

– деді Александр Лукашенко.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев өткен келіссөздер барлық ауқымды өзара іс-қимыл бойынша Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықтың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз