Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин 2 қазанда Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро Кавабатаны қабылдады.
Екі тарап арасында Қазақстан-жапон ынтымақтастығын одан әрі нығайтудың кең ауқымды мәселелері, соның ішінде парламентаралық ынтымақтастық та талқыланды деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.
Қазақстан мен Жапония ядролық қарусыздану және таратпау, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және орнықты даму саласындағы өзара жақын одақтастар.
Парламентаралық байланыстарды дамыту туралы айта келіп, Н.Нығматулин 70 жылдық тарихы бар жапон парламентаризмінің ерекше тәжірибесін атап өтті.
Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасының айтуынша, қазақстандық депутаттар үшін цифрлы экономиканы енгізу, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикадағы инновациялық процестерді дамыту үшін заңнамалық қолдау көрсеу практикалық қызығушылыққа ие. Мәжіліс спикері сондай-ақ, EXPO-2017 көрмесіне Қазақстанмен Парламенттік достық лигасы делегациясының арнайы сапармен барғандығын жоғары бағалады, әрі Жапония павильоны ең көп тамашаланған павильондардың бірі болғандығын да атап өтті.
Өз кезегінде, Итиро Кавабата елімізді EXPO-2017 көрмесін сәтті өткізуімен құттықтап, Астанадағы Халықаралық көрме Қазақстан мен Жапония арасындағы барлық бағыттардағы қарым-қатынастарды нығайтудың идеалды алаңы екенін атап өтті.
Жапон елшісі сонымен қатар өзінің Қазақстандағы елшілік қызметінің әсерімен бөлісті. Сонымен қатар, Итиро Кавабата екі елдің арасындағы жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді іске асыру бойынша жұмыстарды жалғастыруға дайын екендігін білдірді.
Сабина Сайлаубай