Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда кездесу өткізді. Ресми кездесу рәсімінен кейін екі елдің көшбасшылары кеңейтілген түрде келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлайды.
Қазақстан Президенті Қытай тарапына мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылық білдіріп, дәстүрлі қонақжайлық көрсеткенін айта отырып, «Мен, ең алдымен, Сізді жоғары мемлекеттік лауазымға қайта сайлануыңызбен және Қытай Компартиясының ХІХ съезін табысты өткізуіңізбен құттықтаймын. Бұл қытайлық өзіндік ерекшелігі бар социализм құру жолындағы әлемдік мәні бар айтулы оқиға болды» – деді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы 2012 жылдан бері жоғары деңгейдегі 18 кездесу өткенін айтып, Қазақстан-Қытай қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев: Осы уақыт ішінде біз жалпы сомасы 67 миллиард доллар көлеміндегі екі жақты 127 құжатқа қол қойдық. Бізге осы диалогты жалғастыру қажет. Былтыр өзара сауда көлемі 11 миллиард долларға жуықтады. Бұл жердегі өсім 30 пайыздан астам. Екі жақты қатынастарымызды ілгерілету үшін біздің бұдан да зор әлеуетіміз бар.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин тату көршіліктің үлгісіне айналған екі жақты ықпалдастықтың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталып, бірлескен инфрақұрылымдық бастамаларды, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын іске асыру ісінде өзара сенім мен ынтымақтастықтың нығайғанын атап «Біз адамзаттың ортақ тағдырын қалыптастыру жолында Қазақстанмен бірге болуға және адамзаттың жарқын болашағы үшін ақыл-ойымыз бен күш-жігерімізді жұмылдыруға дайынбыз. Мен Қазақстан-Қытай достығының алып кемесін Сізбен бірге басқаруға әзірмін» – деді.