Ақмола облысы, Қорғалжын ауылының әкімі Жанат Омаров 14 жастағы мектеп оқушысы Диас Мұқанды соққыға жыққаны үшін қызметінен босатылды. Аталған шешім Көкшетаудағы әдеп Кеңесінің отырысында қабылданды, деп хабарлайды Ішкі саясат басқармасының аймақтық байланыс қызметі.
“Ақмола облысы мемлекеттік істер және жемқорлықпен күрес істері бойынша департаменті жасаған тергеу жұмыстары, сондай-ақ облыстық ІІД органдарының тергеу жұмыстары негізінде ауыл әкімі Ж. Омаровқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, әдеп бойынша Кеңес бірауыздан: «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңын және ҚР мемлекеттік қызметкерлерінің әдеп кодексін бұзғаны үшін Қорғалжын ауданы Қорғалжын ауылының әкімі Омаров Жанат Жұматайұлын қызметінен босату туралы шешім қабылдады”, – деп хабарланады.
Ж. Омаров жақында Әбдеш Төлеубаев атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысына қол жұмсағаны үшін айыпталды. Ішкі істер департаменті сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдары жүргізілгенін хабарлайды.
Кейіннен зардап шегуші Д. Мұқанның анасы оқиғаның 22 ақпан мектепте болғанын хабарлады. Ата-ананың айтуынша, жағдай балалардың арасындағы кикілжіңнен бастау алған. 8 сынып оқушысы әкімнің ұлы ренжіткен өзінің інісіне жақтасқан. Кейіннен сыныпқа белгісіз ер адам кіріп Диастың кім екенін анықтап, бала орнынан тұрған сәтте оған соққы жұмсаған, үстелге соғылған баланы ер адам басынан үш рет тепкен, дейді Д. Мұқанның анасы. Бұл жайтты Диастың сыныптастары да растаған.
Оқиғадан кейін оқушы Астанадағы № 2 балалар емханасына жеткізілген. Дәрігерлер, зардап шегушінің жағдайын орташа ауыр деп бағалады. Оқушының бас миы қозғалған, иық, арқа және белдің жұмсақ тіндері зақымданған.