Бішкек қаласы Первомай аудандық сотының шешіміне сәйкес, Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаков тергеуге дейінгі тұтқынға алынды. Бұл туралы Sputnik Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік Мемлекеттік комитетіне сілтеме жасай отырып хабарлады.
С. Исаков “Бішкек қаласы ЖЭС-ін модернизациялау” жобасы ісі бойынша бірнеше рет тергеуге шақырылған еді. Алғаш рет – 26 сәуірде, екінші рет – 14 мамырда, кейіннен 29 мамыр мен 5 маусымда.
Бұған дейін Исаков жемқорлық үшін айыпталып, оған қатысты ел аумағынан шықпау туралы шара қабылданған еді. 5 маусымда сот шектеу шарасын өзгертті. Енді Исаков Қырғызстандағы ұлттық қауіпсіздік Мемлекеттік комитетінің Тергеу изоляторында болады.
Сапар Исаков 2013 жылы Қырғызстан президенті аппаратында сыртқы саясат бөлімін басқарып тұрған кезінде, “Бішкек қаласы ЖЭС-ін модернизациялау” жобасын жүзеге асыру барысында қызметін пайдаланып, мердігерді конкурста іріктеп алу кезінде шетелдік компанияның мүддесін қорғап, мемлекетке шығын келтіруде айыпталуда.