Шетелдік мамандар Қазақстанның ауыл шаруашылығын қалай бағалайды?

0
153
Юлия Вильбрандт. Германиядағы "Сaisley" компаниясының өкілі.

23 қазан күні Астанадағы “Көрме” орталығында өтіп жатқан “KazAgro-2019” және “KazFarm-2019” халықаралық көрмелеріне келген шетелдік мамандарға бірнеше сұрақ қойдық.

Мал және егін шаруашылығы бойынша Қазақстанмен серіктес Ресей мен Германиядағы компаниялардың өкілдерімен сөйлестік.

ҚАЗАҚСТАН НАРЫҒЫ БІЗДІ ҚЫЗЫҚТЫРДЫ

Хойте ШАП, Германиядағы SCHAAP фирмасының экспорт менеджері.

“Біздің фирманың жұмысы 1880 жылы басталған. ТМД елдеріне ірі қара мал экспортымен айналысамыз. Яғни, нарықта 140 жылдан бері қызмет етіп келеміз. Өзім Германия бизнесіндегі Schaap отбасының төртінші ұрпағымын. Қазақстанға ірі қара мал жеткізудің үлкен әлеуеті бар. Нарықта жоғары сапалы стандартқа сай фирма екеніміз көпшілікке белгілі. Еуропадан қазақстандық фермерлерге ірі-қара мал жеткіземіз. Бұл Қазақстандағы аграрлық бизнесті дамытуға үлкен септігін тигізеді. Қазақстанмен бірнеше жылдан бері серіктеспіз. Сондықтан біз үшін бұл ел жат емес. Мұндағы нарық бізді қызықтырды дей аламын. Павлодар, Ақмола, Шымкент және Алматы облыстарымен бірлесе жұмыс жасап жатырмыз”, – деді ол.

ҚАЗАҚСТАН САПАЛЫ СҮТ ӨНІМДЕРІН ҚЫТАЙ МЕН ВЬЕТНАМҒА ЭКСПОРТТАУ АРҚЫЛЫ ЭКОНОМИКАСЫН ДАМЫТА АЛАДЫ

Ресейлік DeLaval компаниясының өкілі Сергей Николаевтың айтуынша, Қазақстан жергілікті нарықты дамытып қана қоймай экспортты да ойлауы қажет.

Сергей Николаев. Ресейлік DeLaval компаниясының өкілі.

“DeLaval әлемде сиыр саууға арналған құралдар өндіретін жетекші компаниялардың бірі. Біз 140 жылдан аса осы салада еңбек етіп келеміз. Қазақстанмен серіктес болғанымызға да көп уақыт болды. Сүт фабрикаларына құрал-жабдықтар жеткіземіз. Біздің қондырғылар сиырды өзі сауып береді. Адам күшін қажет етпейді. Бұл технологияны Қазақстанда 6 жыл бұрын енгіздік. Өскемендегі “Бобровка” шаруа қожалығына ең алғаш 6 робот сауушы орнаттық. Бүгінде осы фабрикамен екінші келісімшартқа қол қойдық. Сүт өндірудің ең тиімді түрі сиырдың өз еркімен сүт беруі. Осы дүниені біздің технология қамтамасыз етіп отыр. Бұл дегеніміз сиырды роботтар басқарады. Бұл тәсілмен сиыр сүтті әдеттегіден әлдеқайда көп береді. Сол үшін Қазақстанның сүт өндірісіне жаңа технологияны көбірек енгізу қажет. Бұл өте әлеуеті жоғары сала. Қазақстанның әр азаматы сүт өнімдеріне мұқтаж. Сонымен қатар Қазақстанның экспорт жасауда үлкен мүмкіндіктерге ие. Себебі, Оңтүстік Шығыс Азияда алып нарық бар. Жергілікті нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортты да байқап көру қажет. Оңтүстік Шығыс Азиядағы Қытай және Вьетнам секілді елдерді сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз ету арқылы Қазақстанның экономикасына айтарлықтай пайда түсіруге болады”, – деді ол.

Бұл компанияның Қазақстандағы өкілінің айтуынша DeLaval компаниясы Қазақстанның барлық аймағына таралған.

ЖЫЛДАН ЖЫЛҒА ҚАЗАҚСТАН ТҰТЫНУШЫЛАРЫНЫҢ БІЛІМІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Германиядағы жануарларға сырға өндіретін “Сaisley” компаниясының өкілі Юлия Вильбрандтың ойынша, жылдан жылға Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы дамып жатыр.

Юлия Вильбрандт. Германиядағы “Сaisley” компаниясының өкілі.

“Бұл компания жануарларға сырға жасаумен айналысады. Біздің өндіріс тек Германияда. Зауыт Хохдаль қаласында орналасқан. Бұл қала Дюссельдорф қаласының қасында. Визуалды сырғалар жасаймыз. Яғни, әр сырғада нөмір бар. Сонымен қатар, электронды сырғалар да өндіреміз. Бұл сырғалар бір уақытта екі қызмет атқарады. Бірі ірі-қараны таңбаласа, екінші қызметі ол туралы ақпараттың барлығын сақтайды. Таққан кезде жануардың қылы және құлағының бөлшегі арнайы түтікшеде қалады. Осы арқылы жануар туралы анализге жіберетін ақпараттар белгілі болады. Германияда бұл жүйе – стандарт. Түрлі аурулардың алдын алуға көмектеседі. Әрі лабораторияда зерттеледі. Мен бұл көрмеге осымен төртінші рет қатысып отырмын. Көрмеге ең алғаш осыдан 4 жыл бұрын келгенмін. Бір байқағаным қазір бізге келетін тұтынушылар бұрынғыға қарағанда сауатты. Заманауи технологиядан хабары бар. Көбі жаңа технологияларды қолданады. Менің ойымша, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы жыл санап дамып жатыр”, – деді ол. 

“Сaisley” компаниясының өнімдері.

“ФОТОСЕПАРАТОР” ЕГІН ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТАТЫН ҚҰРЫЛҒЫ

Қытай өнімін Қазақстанға сататын Владиславтың құрылғысы егін шаруашылығының тиімділігін жоғарылатады екен.

Владислав Рашидович. EKOMAK компаниясының өкілі. 

“Бидай түсін сұрыптайтын құрылғы сатумен айналысамыз. Жаңа орылған өнімді түсі бойынша бөліп тастайды. Құрылғы “Фотосепаратор” деп аталады. Сұрыптау үшін өнім камераға түсіріледі. Камера түсін анықтағаннан кейін, шаңын шығарып, түс бойынша бидайды сұрыптайды. Технологияны біз жасамаймыз. Тек сатумен айналысамыз. Бұл Қытайдың өнімі. Жылына 3 мыңға жуық құылғы өндіретін өте үлкен зауыт. Өнімдерін Еуропа мен ТМД елдеріне өткіземіз”, – деді ол.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖЕРІ ҚҰНАРЛЫ, ДЕМЕК ЕҢБЕК ЕТУ ҚАЖЕТ..

АГРОПРОМТЕХНИКА компаниясының өкілі Дмитрий Кубенин

Орталық Ресейде орналасқан Киров қаласынан келдік.Қазақстан нарығында 10 жылдан бері жұмыс жасаудамыз. Мұндағы егін шаруашылығы оң бағытта дей аламын. Қазақстанның жері құнарлы. Бұл дегеніміз мұнда еңбек етуге болады. Ресейде де мұнда бірдей адамдар, өндіріс те бірқалыпты”, – деді ол. 

Айта кетейік, 25 қазанға дейін жалғасатын көрмеге шамамен 300-ден астам компания бас қосқан. Көрмеге Австрия, Беларусь, Қытай, Венгрия, Германия, Дания, Индия, Иран, Испания, Италия, Канада, Қазақстан, Латвия, Литва, Нидерланды, Ресей, Словакия, Түркия, Украина, Ұлыбритания, Финляндия, Швейцария, Швеция және Эстония елдері қатысып жатыр.

Abdimanap KENES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз