16 шілде Хельсинкиде соңғы 9 жылдан кейінгі Ресей мен АҚШ басшыларының екіжақты саммиті өтеді. Бұған дейін Ресей және АҚШ басшылары қай жылдары кездесті, қандай мәселелер талқыланды, нәтижесі не берді? Kazaknews.kz тарих беттеріне шолу жасайды.
Ресей мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынастар 1809 жылдан бері өрбіді. Сол сәтте АҚШ-тың екінші басшысының ұлы Джон Куинси Адамс император Александр І Американың Ресейдегі алғашқы елшісінен сенім грамотасын табыстады, осылайша, Ресей мен АҚШ арасында ресми дипломатиялық қатынастар бастау алды. 19 жылдан кейін Адамс АҚШ-тың 6-шы президенті атанды. Атап өтерлігі, АҚШ басшысы мен Ресей императоры жекелей кездесу өткізбеді. Дегенмен, қос мемлекет басшыларының өзара хат алмасып тұрғандары тарих бетінен аян. Соның ең таңдаулыларының бірі – Александр ІІ “Босатушы” және АҚШ-тың 16-шы президенті Авраам Линкольннің өз елінде құлдық заңын жойғаны туралы хаттары.
Cталин, Рузвельт
АҚШ басшысының Ресей басшысымен тарих сахнасындағы алғашқы кездесуі Кеңес Одағы тұсында орын алды. 1943 жылдың 28 қарашасында Тегеранда антигитлер коалициясына байланысты одақтас елдер басшыларының кездесуі өтті. Аталған кездесуге Кеңес Одағының басшысы Иосиф Сталин мен АҚШ президенті Франклин Рузвельттен өзге , Ұлыбритания премьер-министрі Уинстон Черчилль қатысты. Атап өтерлігі, бұл кездесу өте құпия түрде өтті.Тараптар кездесуге қауіпсіз мекенді ұзақ қарастырып, нәтижесінде бейтарап Иранда кездесуді жөн санады. Қауіпсіздік мақсатында Рузвельт Сталинмен бірге Кеңес Одағының Тегерандағы елшілігіне жайғасты. Аталған форматтағы кезекті кездесу екі жылдан кейін Ялтада өтті.
Хрущевтың АҚШ-қа сапары
Ал АҚШ және Кеңес Одағы басшыларының алғашқы екіжақты кездесуі 1959 жылы болды. Сол сәтте кеңес үкіметінің басшысы Никита Хрущев Кеңес Одағының көшбасшысы ретінде АҚШ-қа алғашқы мемлекеттік сапар жасады. Хрущевтың АҚШ-қа жасаған сапары екі аптаға – 15 қыркүйектен 27 қыркүйекке дейін жалғасты. Аталған уақыт аралығында Хрущев АҚШ басшысы Дуайт Эйзенхауэрмен төрт рет кездесті. Аталған төрт кездесудің екеуі көзбе-көз өтті, АҚШ-қа сапар жасамай тұрып, Хрущев Эйзенхауэрмен жеке кездескен еді. Сол сәтте АҚШ пен Кеңес Одағының күн тәртібінде – герман мәселесі, Мәскеу мен Вашингтонның сауда-экономикалық қатынастары, қытай және тайвань мәселесі болды. Атап өтерлігі, бұл мәселелер өз шешімін таппай, келіссөздер нәтижесіз аяқталды.
Хрущев – Кеннеди
Кейіннен Хрущев кездескен екінші АҚШ басшысы бұл – Джон Кеннеди. Қос мемлекет басшысының кездесуі 1961 жылы Венада өтті. Аталған кездесудің бастамашысы Хрущев болды. Сол сәтте Хрущев Кеннедимен кездесуге берлин мәселесін шешу үшін аттанған еді, дегенмен, Кеннеди кво статусын сақтап қалуды жөн көрді. Бұл кездесу өткеннен кейін екі айдан соң Германия астанасы Берлинде Берлин қамалы тұрғызылды. Атап өтерлігі, аталған кездесуде Хрущев пен Кеннеди ешқандай мәмілеге қол жеткізбеді, ресми құжаттарға да қол қоймады. Кездесуден соң бір жылдан кейін Кариб дағдарысы басталды.
Никсонның Ресейге тарихи мемлекеттік сапары
1972 жылы АҚШ президенті Ричард Никсон Мәскеуге алғашқы тарихи мемлекеттік сапар жасады. Никсон тарихта Кеңес Одағына алғашқы мемлекеттік сапар жасаған АҚШ басшысы. Ресейде Никсонды Леонид Брежнев қарсы алды. Брежнев тұсында АҚШ пен Кеңес Одағының қарым-қатынасы әлеуетті дамыды деуге негіз бар. Зымыранға қарсы қарулану және стратегиялық қарулануды қысқарту мәмілелеріне қол жеткізілді.
1974 жылы АҚШ басшысы Джеральде Форд президент лауазымына тағайындалғаннан кейін қараша айында Владивостокқа сапар жасады. Сол сәтте Брежнев пен Форд стратегиялық ядролық қару тасымалдаушыларды шектеу туралы мәмілеге қол жеткізді. Ал 1975 жылы Форд Брежневпен тағы кездесіп, кездесу нәтижесінде әйгілі Хельсинки келісіміне қол қойылды.
Рейган мен Горбачев
1985 жылы Кеңес Одағының басшылығына Михаил Горбачев келгенде Женевада соңғы алты жылдағы америка-кеңестік саммит өтті. Аталған саммиттің әлеуетті нәтижесі болмағанымен, 11 айдан кейін Горбачев пен АҚШ басшысы Рейган Рейкьявикеде кездесті. Ал 1987 жылы Рейган мен Горбачев Вашингтонда кездесті. Желтоқсанда АҚШ пен Кеңес Одағы арасындағы қару-жарақты тоқтату туралы алғашқы мәмілеге қол жеткізілді.
Буш және Горбачев
1989 жылы желтоқсанда Мальта аралында Горбачев пен үлкен Джордж Буш кездесті.
Сол сәтте “Әлем бір ғасырды артқа тастап, жаңасына табан тіреді. Біз ұзақ жолдың алдында тұрмыз. Бұл жаңа әлемге бастайтын жол”, -деген Горбачевтың баспасөз конференциясында айтқан сөзі тарих беттерінде мәңгі жатталды.
Ельцин-Буш
Кейіннен Джордж Буш Социалистік Республикалар Кеңесінің Одағы басшысымен емес, Ресей Кеңес Федеративті Социалистік Республикасының басшысы Борис Ельцинмен кездесті. Ельцин Вашингтонға Төтенше жағдайлар бойынша мемлекеттік Комитеттің ұйымдастырған төңкерісінен (төңкеріс салдарынан Социалистік Республикалар Кеңесі Одағы толықтай жойылды) екі ай бұрын келді. Ал 1992 жылы Ельцин Вашингтонға Ресей Федерациясының басшысы ретінде келді. Сол кездесуде Буш пен Ельцин “суық соғыстың” біткендігі туралы мәмілеге қол жеткізді. 1993 жылы Буш Мәскеуге мемлекеттік сапар жасады. Дәл сол жылы АҚШ-тың жаңа президенті демократ Билл Клинтон Ельцинмен кездесті. Өз кезегінде, Ельцин мен Клинтон 17 рет кездескен.
Путин-Клинтон
2000 жылдың 3 шілдесінде Билл Клинтон Мәскеуге мемлекеттік сапар жасап, Ресей Федерациясының жаңа президенті Владимир Путинмен кездесті. Ал 2001 жылы АҚШ-тың жаңа президенті кіші Джордж Буш Путинмен Словения астанасы Люблянда кездесті. Президенттік лауазым тұсында Путин мен Буш 27 рет кездескен.
Обама-Медведев
2009 жылы Обама Мәскеуге мемлекеттік сапар жасап, сол сәттегі ел президенті Дмитрий Медведевпен кездесті. Медведев 4 жылдық президент лауазымында Обамен 12 рет кездескен. Ал Путин президент лауазымына қайта сайланғанда Обама Ресей басшысымен алғаш рет 2012 жылы Мексикада өткен “Ірі жиырмалық” саммитінде кездесті. Дегенмен, Путин мен Обаманың қарым-қатынасы 2014 жылғы Қырым референдумынан кейін шиеленісіп кетті.
Трамп-Путин
Ал АҚШ-тың 45-ші президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен тек екі рет қана кездесті. Путин мен Трамп алғаш рет 2017 жылдың 7 шілдесінде Гамбургтегі G20 саммиті алаңында келіссөздер жүргізді. Аталған жылдың қарашасында Вьетнамда өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммитінде Трамп пен Путин кездесіп, Сирия мәселесі бойынша Мәскеу мен Вашингтон мәмілесін мақұлдады.