“Елімізде шетелдік валютаға сұраныс төмендеді”

0
68

Мемлекет басшысы Ұлттық Банк төрағасын қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.  Кездесу барысында Данияр Ақышев бірінші жарты жылдықта атқарған жұмыстарының қорытындылары жөнінде есеп берді.

Қазақстан Президенті қазіргі уақытта валюта-қаржы нарығындағы тұрақтылықты сақтау және экономиканы әрі қарай дамыту үшін елімізде қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.

Д.Ақышевтің мәліметіне сәйкес, негізгі көрсеткіштер бойынша, еліміздің қаржы нарығында тұрақты жағдай қалыптасып отыр.

– 2018 жылғы маусым айының қорытындысы бойынша инфляцияның жылдық көрсеткіші 5,9 пайызды құрады. Бұл – соңғы үш жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш. Ұлттық банк инфляция деңгейін 2020 жылға қарай 4 пайызға дейін төмендетуді көздеп отыр, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Д.Ақышев Нұрсұлтан Назарбаевқа ұлттық валюта бағамының өзгеруіне әсер ететін негізгі факторлар жөнінде баяндады.

– Теңге бағамының өзгеруіне әсер ететін негізгі фактор – Қазақстанның сауда-экономикалық нарығындағы валюталық-қаржылық жағдай. Екінші фактор – басқа валюталарға қатысты доллардың бүкіл әлем бойынша нығаюы. Бұл орайда, кәсіпорындар мен тұрғындардың мұндай құбылмалы бағамға бейімделгенін атап өту керек. Жалпы, елімізде шетелдік валютаға деген сұраныстың төмендегені байқалып отыр, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз