Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бақытты отбасы» аналар орталығына барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Орталықта мемлекет басшысына көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдау жөніндегі тұңғыш президент – Елбасы тапсырмаларының орындалу барысы туралы мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға қызмет көрсету мақсатында ашылған еліміздегі алғашқы мекеме «Бақытты отбасы» аналар орталығының жұмысымен танысты. Мұнда мамандар көпбалалы аналарға психологиялық, құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді. Сонымен қатар, жаңа мамандықтарға баулып, компьютерлік сауат ашуға көмектеседі. Орталық қызметі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың өмір сүру сапасын арттырып, олардың экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған.