Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті публицист, белгілі сатирик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбектің дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
“Көпен Әмірбекұлы бірқатар республикалық басылымда ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істеді. Ұлттық сатира жанрының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Соңына әдеби мол мұра қалдырған Көпен Әмірбекұлының есімі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын”, – деп жазылған жеделхатта.
Белгілі сатирик Көпен Әмірбек 9 қарашада 72 жасында өмірден өтті.
Көпен Әмірбек 1950 жылы 29 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Ешкіқора ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Отырардағы халық театрында еңбек жолын бастаған.
1973 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіріп, Владивостокта екі жылдық әскери-партия мектебінде оқыған.
“Қазақ әдебиеті”, “Егемен Қазақстан” газеттерінде сатира, фельетон бөлімінің меңгерушісі, “Білім және еңбек”, “Ара-Шмель” журналында жауапты хатшы, Республиканың Бас прокуратурасы мен Жоғарғы Сотта баспасөз хатшысы болып ұзақ жылдар қызмет істеді. “Ара” журналының бас редакторы, Қазақ радиосы директорының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы сатира кеңесінің төрағасы болған.
Әр жылдары жарық көрген “Аты жоқ кітап”, “Алып”, “Тілім қышып барады”, “Қысыр әңгіме”, “Ауызбастырық”, “Мың бір мысал”, “Неменеңе жетісіп күлесің?”, “Өзіңді танисың ба?”, “Сайдағы қойшыдан сарайдағы патшаға дейін” атты әзіл-сықақ, пародия кітабы арқылы оқырмандарға кеңінен танылды. “Тамаша” ойын-сауық отауының белсенді авторы болып, өзі құрған “Көпен келе жатыр!..” әзіл-сықақ, пародия театрымен де көрерменнің көзіне түскен.
Президент гранты мен “Парасат” орденінің иегері, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты.