АҚШ конгрессінің 18 өкілінен тұратын топ Нобель комитетіне АҚШ президенті Дональд Трампты Солтүстік Кореядағы ядролық мәселені шешудегі салған күш-жігері үшін Нобель сыйлығына ұсыну бастамасын көтерді.
Конгресшілер ұсынған ресми хатта президенттік лауазымына кіріскен сәттен бастап АҚШ басшысы Д. Трамп ядролық қару жасау бойынша заңсыз бағдарламаны тоқтату үшін Солтүстік Кореяға шекті деңгейде қысым көрсетті, аталған аймақта бейбітшілік орнау үшін күш-салды деп мәлімделеді.
Конгресшілердің пікірінше, Трамптың «күш арқылы бейбітшілік» саясаты Корей түбегіне бейбітшілік сыйлауда, бұған дейін Солтүстік Корея ондаған жылдар бойы басқындық әрекеттерді тоқтатуға шақырған әлемдік қауымдастықтың бастамасын ескермеген еді, дейді конгрессшілер.
Конгресшілер 2019 жылғы Нобель сыйлығына Трампты әбден лайық көретіндерін ресми хатта мәлімдеген, деп жазады РИА Новости.
Бұған дейін республикалық партиядан сенатор Линдси Грэм Корей түбегіндегі жағдайды реттеуде Трампқа Нобель сыйлығын беруге болады деп мәлімдеген еді. Кейіннен Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин аталған идеяны қолдады.
Корей түбегі мәмілеге қол жеткізді
27 сәуірде Пханмунджом шекара бекетінде Корея Республикасының басшысы Мун Чжэ Ин мен КХДР басшысы Ким Чен Ын кездесті. Аталған келіссөздер соңғы он жылдағы Оңтүстік және Солтүстік Корея арасындағы ауқымды келіссөз болды. Келіссөздер қорытындысы бойынша, қос президент «Корей түбегінің гүлденуі, ынтымақтастығы және біртектілігі» бірлескен декларациясына қол қойды.
Нобель сыйлығы турасында
Нобель сыйлығы жоғары ғылыми тәжрибелер, төңкерістік жаңалықтар, мәдениет және қоғамның дамуына қосқан үлкен қызметтері үшін берілетін жоғары дәрежелі сыйлық.
Нобельдің 1895 жылдың 27 қарашасында жазылған өсиетнамасында мынадай сөздер бар еді:
«Менің барша жылжитын және жылжымайтын мүлкім өсиетнамамды іске асыратын адамдар тарапынан жылдам ақшаға айналатын құнды қағаздарға аударылған. Сол жолмен табылған ақшалар сенімді банкке орналастырылған. Осы құнды қағаздардан келетін табыстар, оларды әр жылы, жыл соңында адамзатқа ең үлкен пайда келтірген кісілерге сыйлық ретінде тапсыратын қорға тиісті болуы ләзім… Сөз етіліп жатқан пайыздар мынадай бес бағытқа тең бөлінеді: бірінші – физика саласында ең үлкен жаңалық ашқандар; екінші – химия бағытында ең ерекше жаңалық ашқан яки осы саланы дамытуға үлес қосқандар; үшінші – физиология немесе медецина саласында ең үлкен жетістікке жеткендер; төртінші – әдеби бағытта ең ерекше көркем шығарма тудырғандар; бесінші – ұлттарды ынтымақтастыру, құлдықты жою, армия санын қысқарту және бейбітшілік әрекеттерін амалға асыруға үлес қосқандар үшін… Менің жеке қалауым – сыйлықтарды берерде үміткерлердің қай ұлт өкілі екеніне мән берілмесін!».