Қазақстан өзінің Түркі тілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясындағы төрағалығын аяқтап, төрағалық етуді Қырғызстанға табыстады. Бұл туралы 8 желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясындағы Түркі тілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясының 7 жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды АКИpress.
Г. Исимбаеваның мәлімдеуінше, Қазақстан аталған ұйымға төрағалық ету барысында ұйымды дамыту бойынша көп жұмыстар жасаған және осы орайда ұйым аясында жасалған жұмыстар тізімін ретімен баяндады.
Қазақстанның ұйымға төрағалық етуі барысында 2017 жылы Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өтуімен тұспа-тұс келгенін мәлімдеген Мәжіліс төрағасының орынбасары аталған уақытта Қазақстан Мәжілісі Түркі тілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясына мүше мемлекеттер экономикасын дамытуға қатысты конференция ұйымдастырғанын алға тартты. Бұдан өзге ұйымға төрағалық ету барысында бірқатар әдеби туындылар қазақ тіліне тәржімаланған. Г. Исимбаеваның айтуынша, Қазақстанның арнайы бақылаушылары ұйымға мүше елдерде өткен референдум, президенттік және парламенттік сайлауларға қатысқан.
Сөз соңында Г. Исимбаева Қазақстанның ұйымға төрағалығы мәресіне жеткенін және келесі төрағалық тізгінін Қырғызстан тарабына ресми беретінін мәлімдеді.
Сабина Сайлаубай