Серікбай қажы Ораз Бас мүфти болып сайланды

0
160
muslim.kz

Бүгін Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандарының кезекті VIII құрылтайы өтті. Құрылтай жұмысына ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төралқа мүшелері, Ғұламалар кеңесінің мүшелері, теолог-ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, еліміздің әр облысынан келген құрылтай делегаттары қатысты.

Құрылтай барысында ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Бас мүфти лауазымына наиб мүфти Серікбай қажы Ораздың кандидатурасын ұсынды.

«Бұл аманатты орынбасарым Серікбай қажы Оразға тапсыруға шешім қабылдадым» деген ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Ораздың дін саласында 20 жылдан астам уақыт қызмет істегенін, белсенділігімен көзге түскенін алға тартты.

Осы орайда құрылтайға жиналған делегаттар Серікбай қажы Оразға дауыс беріп, бірауыздан Бас мүфти лауазымына сайлады.

Серікбай Ораз Сатыбалдыұлы 1975 жылы 12-сәуірде дүниеге келген.  Білімі жоғары, Ташкент қаласында қарилар дайындайтын медреседе, Мысырдағы Аль-Азһар университетінде, тағы бірқатар білім беру мекемелерінде білім алған.

Еңбек жолын Алматы мешітіндегі наиб-имамнан бастаған ол ұстаздық қызметте де жұмыс жасаған. Бас мүфти лауазымына сайланбай тұрып, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы және наиб мүфти болып қызмет атқарған.

Сабина Сайлаубай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз