Жетісу облысы Алакөл ауданындағы Достық станциясы маңында құрғақ шөп пен бұталар өртеніп жатыр, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 8 қыркүйек күні сағат 04:30-да түскен. Оқиға орнына дереу өрт сөндірушілер жөнелтілген.
Өрт сөндіру бригадасы келген кезде мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Кендір сақал» орман шаруашылығындағы шыққан өрттің жалпы ауданы 60 гектарға жеткен. Онда құрғақ шөп пен бұталар өртенуде.
“Өрттің қылқан жапырақты орманға таралу қаупі бар. Дала өртін сөндіру бойынша ынтымақтастық жоспарына сәйкес облыс департаментіне Алакөл орман шаруашылығының, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары және ҚР ҰҚК шекара қызметінің әскери қызметкерлері тартылды. Талдықорған қаласынан Төтенше жағдайлар департаментінің қосымша жеке құрамы – 45 қызметкер мен 5 техника жіберілді. Өрт ошағына дейінгі қашықтық 490 шақырымды құрайды”, – делінген хабарламада.
Өрт сөндіруге 173 адам, 1 тікұшақ, 16 техника, 70 аспалы бүріккіш және 6 жылқы жұмылдырылған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.