Қырғызстан парламенті үш бірдей оқылымда қырғыз-өзбек шекарасы бойынша заң жобасын ратификациялады. 14 қарашада бұл құжатты Өзбекстан парламенті бекіткен.
Қырғызстан бұл заң жобасын талқылағанда отырысқа қырғыз президенті Садыр Жапаровтың өзі қатысқан. Заң жобасын ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев таныстырған. Құжатты 64 депутат қолдап, 19-ы қарсы дауыс берген.
Қырғызстан ҰҚК төрағасы келісімге сәйкес 19 мың гектар жер – Қырғызстанға, Кемпірабад су қоймасы маңындағы 4 485 гектар жер Өзбекстанға өтетінін мәлімдеген. Кемпірабад су қоймасы бірлесіп басқарылады. Арнайы комиссия құрамына әр тараптан 12 адам алынады.
Қырғызстанға берілетін жерлер мыналар:
- Гавасай елді-мекені, 12 872 гектар;
- Көксерек ауылы, 105 гектар;
- Ала-Букин ауданының Баястан ауылы, 212 гектар;
- Унгар тауы, 35 гектар;
- Ала-Букин ауданының Қара белес ауылы, 25 гектар;
- Кара-Сууй ауданының Ак-Таш ауылы, 100 гектар;
- Шарихан-Сай каналының жартысы, 19,5 гектар;
- Созақ ауданы, 500 гектар;
- Узген ауданы, 500 гектар.
Бұл заң жобасын талқылау Қырғызстан қоғамында үлкен талас туғызды. Тіптен Кемпірабад су қоймасын қорғап қаламыз деп құрылған топ түгелімен ұсталды. Қазір 26 шақты адам тергеу абақтысына екі айға қамалған.