Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдегі Халықаралық “Сапат” білім беру мекемелерінің басшысы қырғыз азаматы Орхан Инандының оқиғасы туралы пікір білдірді. Бұл туралы 24.kg сайты хабарлады.
Оқи отырыңыз: Қырғызстанда жоғалған Орхан Инандыны Түркия арнайы қызметі (MIT) ұрлаған
Президент Жапаров Орхан Инанды жоғалған күні-ақ құқық қорғау органдарына тапсырма бергенін, барлық шараны қабылдап шекараны жіті бақылауда ұстауды тапсырғанын айтты.
Ол бүгін сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаевқа тапсырма бергенін, елшіге нота табысталғанын жеткізді.
“Біз бұл мәселені Түркия тарабына айттық және Орхан Инанданың қайтарылуын талап етеміз”, – деді Қырғызстан президенті Садыр Жапаров.
Бұдан бұрын Жапаровтың бұйрығымен Қырғызстандағы Түркия елшісі Ахмет Доған ел сыртқы істер министрлігіне шақырылған болатын. СІМ елшіге Қырғызстан азаматы Орхан Инанданы ұстау және Түркияға жеткізу операциясын жүргізуіне байланысты нота табыстаған.
Қырғызстандағы “Сапат” білім беру мекемелерінің президенті Орхан Инанды 1 маусымға қараған түні із-түссіз жоғалып кетті. 5 шілде кешке Түркия президенті Ердоған Түркияның арнайы қызметі Инандыны Түркияға жеткізгенін мәлімдеді.