12-13 қараша күндері Елордада Астана Клубының төртінші отырысы өтіп жатыр. Жиында әлемдік қауіптер, Brexit, миграциялық дағдарыс, “Орта Азиялық шенген”, әскери қатерлер жайында сөз қозғалды. Әлемнің әр тарапынан келген сарапшылардың бірінші күні жасаған қорытындысын келтіре кетейік.
Бреттон-Вудс жаңарту жөніндегі комитеттің басшысы Марк Узан экономикалық бағыттарға баса мән берді. Сарапшы онжылдық қаржылық дағдарыстан соң әлем монетарлық саясатты жөнге келтіре бастағанын еске салды. Алайда, келешекке жасалған болжам жаңа қауіптер мен міндеттерді айқындап берді. Узанның айтуынша, саудалық кедергілер жайында сөз қозғағанда жаңа протекционизм құру қажеттігін ескерген жөн. “Әңгіме жаһандық экономика туралы өрбігенде саудалық кедергілерді назарда тұтқан дұрыс. Олар әлемдік экономиканың ілгері жылжуына жол бермеуі мүмкін”, – деді сарапшы.
Мадрид клубының бас хатшысы Мария Елена Агуэро әлемдегі, Еуразиядағы діни және этникалық шиеленіске айрықша назар аударды. “Еуразия құрамына көп этникалық және діни топтар кіреді. Сондықтан бұл аймақта шиеленістер туу қаупі бар. Еуразиядағы шиеленістердің тамыры діни қақтығыстарда жатыр”,- деді Агуэро ханым.
Діни және этникалық шиеленіс мәселелеріне IDEA халықаралық институтының бас хатшысы, Бельгияның бұрынғы премьер-министрі Ив Летерм де тоқталып өтті. Сарапшы бұл проблемалардың миграциялардан туындағанын алға тартты. “Босқындардың гуманитарлық мәселелерін ескерген жөн. Мәселен, бұл мигранттарды ерікті кәсіби маман ретінде жұмысқа тартуға болады. Немесе оларға белсенді азаматтар ретінде заң тұрғысынан рұқсат берілуі тиіс. Оларға мүмкіндік беру арқылы экстремизм мен терроризмге қарсы күрес күшейе түседі”, – деді Летерм.
Astana Club отырысына әлемнің 30 елінен 50-ге жуық спикер қатысып жатыр.