Аргентиналық Месси мен португалиялық Роналдудың үстемдігі аяқталғандықтан “Алтын доптың” келесі үздік ойыншыға табысталатын уақыты жақын.
Италиялық белгілі спорт тілшісі Танкреди Палмери 3 желтоқсанда өтетін “Алтын доп” жүлдесін табыстау салтанатты шарасына қатысты ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды vesti.kz.
Италиялық сілшінің мәліметінше, биыл жылдың үздік футболшысы Антуан Гризман болады. Өткен маусымда Антуан Гризман мадридтік “Атлетикомен” Еуропа лигасын ұтып, Франция құрамасы сапында әлем чемпионы атанған.
“Инсайдерлер “Алтын доп” Гризманға табысталатынын айтады. Жарайды, көрейік”, – дейді журналист.
27 жастағы Гризман Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) нұсқасы бойынша жыл футболшысы номинациясының үштігіне енбей қалған еді. Бұл сыйды мадридтік “Реалдың” және Хорватия құрамасының жартылай қорғаушысы Лука Модрич иеленген.
Каталониялық “Барселона” шабуылшысы Лионель Месси және туриндік “Ювентус” форварды Криштиану Роналду “Алтын доп” сыйлығына үміткерлер үштігіне кірмеген. Бұған бір себеп Месси мен Роналдудың әлем чемпионатында көзге түспеуі.
Роналду мен Месси соңғы он жылда “Алтын допты” кезектесіп бес-бестен алып келген болатын. Оларға дейін бұл сыйлықты 2007 жылы бразилиялық Кака алған.