8 наурызда Лас-Вегаста басталған ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық команда бес алтын медаль иеленді. Бұл туралы ҚР Ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Жарыстың соңғы күндері құраманың тағы екі спортшысы команда қоржынына алтын жүлде салды. 81 келіге дейінгі салмақта Ольга Пастухова екі жаттығу қорытындысы бойынша 215 (жұлқа көтеруде – 92, серпе көтеруде – 123) келіні бағындырып, әлем чемпионы атағын кезекті рет алды.
“Жасөспірім спортшыларымыз сайыста барын салды. Әрине, командадағы алғашқы жеңістер Ольга мен Рахатты одан сайын жігерлендіріп жіберді. Олар сол деңгейді түсірмеу керек екенін түсінді. Жақсы көңіл-күй, табанды жаттығулар чемпионатта алтын медальға жетеледі. Командадағы ең жас спортшы Рахат Бекболат үшін бұл дебют болған. Ол бізді нәтижесімен қуанта алды”, – деді жастар құрамасының бас бапкері Бақыт Ахметов.
Жалпы есеп:
- Қазақстан – 5-0-0;
- Өзбекстан – 2-3-1;
- Вьетнам – 2-0-1.
Бұған дейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстанның қоржынына алтынды Ақмолда Сайрамкез (61 келіге дейінгі салмақ), Сайхан Тайсуев (67 келіге дейінгі салмақ) пен Сәпи Есенгелді (81 келіге дейінгі салмақ) әкелген болатын.
Ауыр атлетикадан Лас-Вегаста өтіп жатқан әлем чемпионаты 15 наурызда аяқталады. Бұл чемпионатта 50 елден 13-17 жас аралығындағы екі жүзден аса спортшы қатысып жатыр. Қазақстанның атынан бес спортшы өнер көрсетті.