2 қыркүйекте Қарағандыдағы «Шахтер» орталық стадионында өрт
сөндіру-құтқару спорты бойынша ерлер арасындағы XVI Әлем чемпионатының және әйелдер арасындағы VII Әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Шара Жамбыл облысында оқ-дәрілер қоймасында болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан адамдарды бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімінен басталды. Төтенше оқиға кезінде 15 адам, оның ішінде 6 әскери қызметші мен азаматтық қорғау органдарының 9 қызметкері қаза тапқан болатын.
Оқи отырыңыз – 29 тамыз – жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды
Чемпионаттың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының, Беларусь Республикасының төтенше жағдай министрлері, Ресей Федерациясының азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және табиғи апаттардың салдарын жою министрінің бірінші орынбасары Александр Чуприян, сондай-ақ 15 елдің қатысушылары мен делегаттары қатысты.
Чемпионат алауы жағылғаннан кейін, салтанатты шара аясында әйелдер мен ерлер командалары арасында шабуыл сатысымен көтеріліп, жеңімпаздарды марапаттау бойынша финалдық жарыстар өтті. Әйелдер арасында жеңімпаз Ресей Федерациясынан Екатерина Чендакова, ал ерлер арасында Беларусь Республикасынан Никита Уколов болды.
Әлем чемпионатының екінші жарыс күнінде командалар 100 метрлік
кедергілерден өтетін болады. Келесі күндері өрт эстафетасы мен жауынгерлік қанат жаю бойынша жарыстар өтеді.
Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ерлер арасындағы XVI Әлем чемпионаты мен әйелдер арасындағы VII Әлем чемпионатында бірінші орынға ие болған командаларға жаңа автокөліктердің кілттері табыс етіледі.
Қазақстанда мұндай іс-шара екінші мәрте өтіп отыр. 2014 жылы чемпионаттың әлем біріншілігі тұңғыш рет Алматы қаласында өткен болатын.
Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаттарын өткізу әлемнің түрлі елдерінің азаматтық қорғау органдары саласындағы достық байланыстар мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.