Алматыда өткен шахматтың рапид түрінен әлем чемпионатында қазақстандық Динара Сәдуақасова әйелдер арасында күміс медаль иеленді.
Жарыста қытайлық Тань Чжуни чемпион атанды. Қола медальды үндістандық Савита Шри алды. Тағы бір қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлік бесінші орыннан көрінді.
12-турдан соң Сәдуақасова мен Чжуни тай-брейкке шығып, жеңімпаз қосымша ойында анықтады. Тай-брейкте қытай шахматшысы басым болды.
Тань Чжуни – шахматтан гроссмейстер, 2017-2018 жылғы шахматтан әлем чемпионатында жеңіске жеткен. Ал Сәдуақасова әйелдер арасында гроссмейстер, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған.
Алматыдағы әлем чемпионатының күмісі – Динара Сәдуақасованың карьерасындағы ең ірі жетістігі.
Шахматтың рапид түрінен былтырғы әлем чемпионатында қазақстандық Бибісара Асаубаева да күміс медаль алған еді.