Бразилияда өтіп жатқан 24-ші жазғы Сурдлимпиада ойындарында грек-рим күресінен қазақстандық спортшы алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы спорт министрлігі хабарлады.
Бұл сында 130 келіде ел намысын қорғаған Хайратхаан Шонку қарсылас шақ келтірмей жеңіс тұғырынан көрінді. Отандасымыз финалдық кездесуде түрік спортшысы Мехмет Юсалды айқын басымдылықпен жеңіп, алтын медаль иегері атанды.
Өз кезегінде 97 келіде Асылан Тажиев Иран спортшысына есе жіберіп, жарысты күміс жүлдемен қорытындылады. Ал, Нұржан Асан (77 кг), Алдияр Балташевтар (60 кг) үшінші орын үшін болған бәсекеде қарсыластарынан басым түсіп, қос спортшымыз ел қоржынын тағы екі қоламен толықтырды.
Сурдлимпиада жарысында 100 елден 3500-ден астам спортшы қатысуда. Олар спорттың 21 түрінен бақ сынасады. Ал жарыс 1-15 мамыр аралығында өтеді. Бұл сайыста еліміздің намысын 9 спорт түрінен 65 спортшы қорғайды.
*Сурдлимпиада – есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған спорттық жарыстар