Биыл кім “Қазақстан Барысы” атанады?

0
580
"Қазақстан Барысы" жобасына қатысатын балуандар салмақ өлшеп жатыр. Photo: astana.gov.kz

4 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қазақ күресінен “Қазақстан Барысы” республикалық турнирі өтеді.

Оныншы рет өтетін бәсекеге Қазақстанның 14 облысы және Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларынан іріктеуден өткен 37 балуан қатысады. Оның ішінде жобаның жеңімпаздары – Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев бар.

Турнирдің ең ауыр салмақты балуаны Ерасыл Қажыбаев 153 келі тартса, Ерсұлтан Мұзаппаров ең жеңіл салмақ көрсетті (90 келі).

“Дүбірлі додада елордамыздың намасын Айбат Сейтен мен Олжас Шынкеев қорғайды. Балуандарымыздың бағы мен бабы келісіп жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз”, – Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев.

“Биыл “Қазақстан Барысы” турнирінің ерекшелігі – өздеріңіз көріп отырғандай жастар көп. Балуандардың дайындығы да жоғары деңгейде. Тартысқа толы дода болғалы тұр. Барша қазақстандықтарды балуандарымыздың тақымын қысып, тікелей эфирде жанкүйер болуға шақырамыз”, – деді “Қазақстан Барысы” жобасының екі дүркін чемпионы Айбек Нұғымаров. 

Нұр-Сұлтан әкімдігі спорт бәсекесінің карантин талаптарына сай көрерменсіз ұйымдастырылатынын хабарлады. 

Көрермендер турнирді Qazaqstan және Qazsport телеарналары арқылы тікелей эфирден тамашалай алады. Сонымен қатар жарыс Ресейдің “Матч! Планета” және “Бокс ТВ”, Түркияның “ТРТ Аваз” телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз