16 қыркүйекте АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткізілетін жекпе-жекте Мексикалық Сауль Канело Альварес қазақстандық Геннадий Головкинді міндетті түрде нокаутқа жіберетіні туралы уәде берді.
«Елім, командам, жанкүйерлерім үшін қолымнан келгеннің барлығын жасаймын. Елім үшін бұл жеңісті алып беремін. Геннадийды нокаутпен жеңуге барынша дайындық жасадым», – дейді боксшы Sky Sports телеарнасына берген сұхбатында.
Сондай-ақ, бұл бәсекеде төрелік ететін бірнеше әділ қазының есімі белгілі болды. Шаршы алаңда Кенни Бэйлис төрелік етіп, Эделейд Берд, Дэйв Моретти және Дон Трелла сынды төрешілер қазылық етеді.
Бүгінгі күнге дейін отандасымызға Эрисланди Лара, Остин Траут сынды боксшылар қолдау көрсетіп, Дэниель Джейкобс, Майк Тайсон сияқты аты әлемге әйгілі былғары қолғап шеберлері бәсекеде жерлесіміздің жеңіске жететіні жайында өз болжамдарын ашып айта кеткен болатын.
Таяуда ғана Геннадийге есе жібюерген Дэниель Джейкобс: «Кім жеңсе де мейлі, жеңімпазбен ашық бәсекеге тезірек түскім келеді», – деген ойын жасырмаған еді.
Естеріңізге сала кетейік, жекпе-жек жексенбі күні Астана уақытымен таңғы сағат 9:00-де өтеді.