Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин спорттағы карьерасын аяқтады

0
250
фото: olympic.kz

Атақты қазақстандық жүзуші, Рио Олимпиадасының 2016 жылғы жеңімпазы Дмитрий Баландин спорттағы карьерасын ресми түрде аяқтады, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілеме жасап.

“Бәріңе сәлем! Бүгін мен спорттық мансабымның аяқталғанын жариялағым келеді. Мен әлі де бұрынғыдай шабыттанып келемін. Менің өмірімнің жаңа кезеңі басталды. Менің басымда көп ұзамай жүзеге асыратын көптеген керемет жобаларым бар. Сондықтан қадағалай жүріңіз! Біз алдағы уақытта да қазақстандық спорттың игілігіне, жас ұрпақты дамытуға, жаңа Олимпиада чемпиондарын баптауға жұмыс істейтін боламыз. Менің ең жақсы жүзуім әлі алда деп сенемін! Барлығыңызға рақмет”,- дейді Дмитрий Баландин Instagram парақшасы арқылы жанкүйерлеріне жолдама жасап.

Айта кетейік, Дмитрий Баландиннің жүлде қорында Олимпиада жүлдесінен бөлек Азия ойындарында жеңіп алған алты медаль бар. Олардың үшеуі алтын. Сондай-ақ, ол Универсиадада төрт рет тұғырға көтерілген. Бұл ретте ол түрлі халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері, сондай-ақ Қазақстанның рекордсмені болып табылады.

2016 жылы Рио қаласында өткен Олимпиадада 200 метрге брасс әдісімен (құлаштай) жүзу жарысында 21 жастағы Дмитрий Баландин жартылай финалдан соңғы 8-орынмен шыққан. Ол финалда сегізінші жолақта жүзді. Жүзуде бұл жолақ финалдағы аутсайдер спортшыға беріледі. Ал фавориттер бесінші-алтыншы жолда жүзеді. Баландин алғашқы елу метрді төртінші болып өтті. Кейін 100 метр және 150 метрді өткенде 2-орынға шықты. Соңғы 50 метр қалғанда ол жылдамдығын үдете түсіп, мәреге бірінші жетті. Таблода Қазақстан туы мен Баландин есімі жарқ ете қалды. Залдағы мыңдаған жанкүйер таң-тамаша болып, жаңа чемпионға қошемет көрсетті. Бұл – тарихи жеңіс, Қазақстан жүзу спортынан алғашқы медалін алды.

Баландин бұл сәтте бассейндегі суды жұдырықтап, сосын қолын аспанға соза қуанып жатты.

Рио олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландиннің бірінші орын алған сәті, фото: reuters, Бразилия, Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.

Дмитрий Баландин 200 метр қашықтықты 2:07,46 минут жүзіп өтті. Күміс жүлдені Джош Пренот (АҚШ) иеленді – 2:07,53. Қола медаль ресейлік Антон Чупковқа бұйырды – 2:07,70. Жарыстан кейін Дмитрий сегізінші жолақта жүзген атлетті әдетте ешкім чемпион болады деп ойламайтынын айтты.

“Олимпиада чемпионы екенімді әлі түсіне қойған жоқпын, оған уақыт керек шығар. Бастысы қиын жаттығулар артта қалды. Мен бұл финалда аутсайдер болдым. Сегізінші жолақта жүздім. Бұл жолақтан чемпион болу өте қиын. Себебі барлық қарсыластарыңды көрмейсің. Бірақ ол жолақ ешкімге қарамай бар күшіңді жұмсауға қолайлы. Бүгін мен 100 пайыз күшімді жұмсадым және Қазақстанға жүзуден алғашқы медальді алып бердім”, – деді ол. (Азаттық Радиосы)

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз