Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы жаңа әлем чемпионы мексикандық Сауль “Канело” Альваресті шаршы алаңда жұдырықтасуға шақырды.
Мексикандық 28 жастағы боксшы Альварес қазақстандық 36 жастағы Геннадий Головкинді 16 қыркүйек Лас-Вегаста өткен бокс кешінде жеңді. GGG өзінің кәсіби мансабында алғаш рет жеңілді. Осылайша, “Канело” GGG-дың бұған дейін жеңіп алған титулдары мен The Ring журналының чемпион белдігін, сондай-ақ, WBC арнайы белдігіне иелік етті. Головкин өз мансабындағы алғашқы жеңілісінен бұған дейін орта салмақта әлем чемпионы атанған Бернард Хопкинстың рекордын жаңарта алмады.
Ал “Канелоны” шаршы алаңға шақырған қазақстандық кәсіпқой боксшы Ж. Әлімханұлы АҚШ-та дебют жасауға дайындық үстінде.
“Канело” қуанышың көпке созылмайды. Мен сені жарға жығатын алғашқы боксшы боламын. Саған қазақ боксының стилін көрсетемін. Мен дайынмын!”, – деп жазды боксшы өзінің Instagram парақшасында.
Сафина Саид