Тоқаев Азия ойынының нәтижесі туралы: «Қаражаттың тиімді жұмсалмайтынын көрсетеді»

0
25

Мемлекет басшысы Ақордада спортшыларды қабылдап, жүлделерімен құттықтады. Сонымен бірге, Ризабек Айтмұхан еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы болғанын еске салды.

Азиада ойындарында ел құрамасы 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль иеленді. Атлеттеріміз нысана көздеу, ескек есу, веложарыс, джиу-джитсу спортынан үздік шықты. Мемлекет басшысы каратэден жалпы командалық есепте бірінші орын алған Қазақстан құрамасын ерекше атап өтіп, осы спорт түрінен Азиадаға қатысқан 8 спортшының бәрі жеңіс тұғырына көтерілгеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласы әрдайым мемлекеттің назарында болатынын айтты. Жыл сайын спортты дамыту үшін қомақты қаржы бөлінеді. Алайда, Президенттің пікірінше, еліміздің кәсіби спорттағы көрсеткіштері аса жоғары деңгейде емес.

«Ашығын айтуымыз керек, нәтижеміз мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайтынын көрсетеді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарап, спортты дамытудың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында өткен жарыстардағы олқылықтардан нақты сабақ алып, алдағы Париж Олимпиадасына тыңғылықты дайындалуға шақырды. Президент спортшыларға және бапкерлер корпусының жұмысына табыс тіледі. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар спортшыға Қазақстан Республикасы Президентінің құттықтау грамоталарын табыстады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз