Украинаға екі гол соққан Руслан Валиуллиннің допинг тесті оң шықты

0
213

Қазақстан футбол құрамасы және қостанайлық “Тобыл” клубының ойыншысы Руслан Валиуллиннің допинг тесті оң шықты. Бұл ақпаратты “Тобыл” футбол клубының ресми сайты растады.

Оқи отырыңыз: Ұлттық құраманың капитаны Исламханнан допинг табылды

Руслан Валиуллиннен допинг-сынама “Жилина” — “Тобыл” конференциялар лигасының 3-ші раундының қарымта матчынан кейін алынған. Тест нәтижесі футболшының жеке почтасына 2-қыркүйекте жолданған.

“Барлық ақпарат клуб ішіндегі құзыретті тұлғаларға жеткізілді. Қазіргі уақытта тыйым салынған заттардың футболшының қанына қалай енгенін анықтау үшін ішкі тексеру жүргізілуде”,- делінген “Тобыл” футбол клубының хабарламасында

Русланның антидопинг ережелерін бұзғанына байланысты “Тобыл” клубы UEFA (Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы) тарапынан тәртіптік іс қозғалатыны туралы ақпарат алған.

Айта кетейік, осыған дейін Русланның Финляндия мен Босния және Герцеговина құрамаларына қарсы ойнамау себебі БАҚ беттерінде “жарақатына байланысты” деп жазылған еді. Ал, 1 қыркүйек күні “Астана Аренада” Украина құрамасына қарсы матчта Руслан екі гол соғып матчтың үздік ойыншысы атанған еді.

Бұдан бөлек 9 қыркүйек күні Руслан 27 жасқа толды. Допинг нәтижесіне байланысты футболшының мансабына үлкен қауіп төніп тұр. Себебі осыдан бір жыл бұрын Қазақстан ұлттық құрамасының лидері Бауыржан Исламхан допинг нәтижесінің оң шығуына байланысты 2 жылға футболдан шеттетілген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз