21 қаңтар жексенбіде Ауғанстан астанасы Кабулдағы Intercontinental қонақ үйіне жасалған шабуыл салдарынан 1978 жылы туған Қазақстан азаматы қаза тапты. Бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов хабарлады.
Жайнақовтың хабарлауынша, 1978 жылы туған Қазақстан азаматы Кабулдағы Intercontinental қонақ үйіне жасалған шабуыл нәтижесінде қаза тапқан. Марқұмның денесін елге жеткізу мәселесі жақын күндері шешіледі. Баспасөз қызметінің басшысы қаза тапқан қазақстандықтың аты-жөні әзірге анықталмағандығын, бар мәліметке сәйкес, азамат Ауғанстанда өткен жылдың қазан-қараша айларынан бері болғанын айтты. Қазіргі уақытта қаза тапқан азамат туралы нақты деректер анықталуда.
Қаруланған шабуылшылар Intercontinental Hotel-ге 20 қаңтар кешке кіріп үлгірген. РИА Новости таратқан ақпарға сәйкес, 18 сағаттан астам уақытқа созылған шабуылды тоқтату мүмкін болды. Нәтижесінде 126 адам соның ішінде 41 шетелдікті құтқарылды.
Шабуылға жауапкершілікті «Талибан» радикалды қозғалысы алды, масс-медиада тараған ақпарға сәйкес, аталған радикалды ұйымның 5 жауынгері шабуыл жасаушылар құрамында болған. Tolo News телеарнасының дереккөздері қонақ үйге жасаған шабуыл салдарынан 43 адам қаза тапты десе, ауған ішкі істер министрлігі (ІІМ) тек 18 адамның қаза тапқанын растады. Ауған ІІМ мәлімдегендей, көз жұмғандардың қатарында 14 шетелдік азамат бар.