«Ауғанстанда лаңкестікпен күресте жедел шара қабылдануы қажет»

0
69
ҚР СІМ

Қазақстан Кабулдағы «Intercontinental» қонақ үйінде бейбіт халықтың, сондай-ақ Ауғанстанға бейбіт мақсатпен келген шетел азаматтарының өліміне алып келген террористік әрекетті қатаң айыптайды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы (ҚР) Сыртқы істер министрлігі (СІМ) мәлімдейді.

Аталған қатыгез және өрескел әрекет Ауғанстан үшін ғана емес, осы елдегі бейбітшілік пен дамуды қалпына келтіруге атсалысып жатқан барлық халықаралық қауымдастық үшін қауіп-қатерлер болып табылады, деп мәлімдейді СІМ.

Қазақстан Ауғанстандағы терроризм мәселесін түбегейлі шешу үшін жедел шаралар қабылдау қажеттілігін толық жауапкершілікпен мәлімдейтіндігі хабарланады.

«Қазақстан Ауғанстандағы барлық саяси күштерді ұлттық татуласу бойынша келіссөздер жүргізуге шақырады», – деп хабарлайды СІМ.

Өз кезегінде, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде және ұлттық негізде Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға, лаңкестікті басуға және елді қалпына келтіруге жан-жақты жәрдем көрсетуді жалғастырады.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының 2018 жылдың қаңтарында қабылдаған мәлімдемесі халықаралық қауымдастықты осы елдегі саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатында Ауғанстанға қолдау көрсетуге шақыратындығы да айтылады.

Еске салсақ, 21 қаңтар жексенбіде Ауғанстан астанасы Кабулдағы «Intercontinental» қонақ үйіне жасалған шабуыл салдарынан Қазақстан азаматы қаза тапты. Ауғанстан ІІМ таратқан ақпарға сәйкес, шабуыл нәтижесінде 18 адам көз жұмған. «Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз, сондай-ақ жарақат алғандардың тез арада сауығып кетуін тілейміз», – деп жазады СІМ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз