Ақтөбеден шалғайда орналасқан ауыл тұрғындары Оразалиннің “уәдесін” күтеді

0
175
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин. Photo: ortcom.kz/videoscreen

Қазақньюс ақпарат агенттігіне Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданына қарасты Нұра және Бельшер ауылының тұрғындары су, жол және интернет мәселесінің әлі шешілмегенін айтып хабарласты.  4 қарашада орталық коммуникациялар қызметіне брифингке келген облыс әкімі Оңдасын Оразалинге сайт тілшісі осы ауылдардың әлеуметтік мәселесіне қатысты сұрақ қойды.

“Ауылдардың мәселесінен хабарым бар. Бүгін, ертең шешемін деп айта алмаймын. Себебі ол өте шалғайда орналасқан ауылдар. Ол жерге жол тарту миллиардтаған қаржы талап ететін нәрсе. Газ да солай. Ырғыз ауданының біраз мәселесін шешіп келе жатырмыз. Құрылыс, Шеңбертал ауылдарына биыл газ өткіздік. Жыл аяғында Құтикөл ауылына да газ тартамыз. Олардың да жол мәселесін шешумен айналысып жатырмыз. Бірден бола қоятын жұмыс емес. Себебі бұл Ақтөбеден 400 шақырым жерде орналасқан ауылдар. Жайсаңбай және басқа да ауылдарға газды жобалауға кірістік. Қаражат мәселесін де шешеміз деген жоспар бар. Бірақ оған уақыт керек”, – деп жауап берді облыс әкімі. 

Оразалин бұл ауылдардың әлеуметтік мәселелерін шешуге неше қаржы және уақыт кететінін есептеп, тұрғындармен кездескенде уәде беретінін жеткізді.

Ол аудандарды жылына 3-4 рет аралайтынын, Ырғызға баруды желтоқсан айына жоспарлап отырғанын айтты. 

Әбдіманап КЕҢЕС

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз