Жаз айларында тұрғындар құбырларын бір рет сынақтан өткізіп, жуып-шаю жұмыстарын жүргізуге тиіс. Әзірге мамандар 300-ге жуық мекенжайды тексеріп, оң қорытынды шығарған. Алайда көптеген үйлер жылыту маусымына жазда емес күзде дайындық жасайды. Мұның соңы күтпеген қиындыққа алып келуі мүмкін, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Жазда мамандар әр подъездің құбырын жоғары қысыммен тексертіп, осал жерлерін жөндейді. Содан кейін барып жүйені толық жуып шаяды.
«Егер құбырларды қысыммен тексермесе, қыстың суығында сыр беруі мүмкін. Онда жағдай қиын болады. Сондықтан бұл жұмысты уақытында жүргізген жөн. Аязда алаңдамайсың», – дейді мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Юрий Виничевский.
Жылыту жүйесі тексерістен өткеннен кейін үйдің «қысқа дайын» деген төлқұжаты беріледі.
«Жыл сайынғы маусымда бір 20 – 30 көпқабатты көп пәтерлі үй осы жұмысты уқытында өткізбейді. Сондықтан ол үйлер жылыту маусымы басталып кеткеннен кейін қазан айының ішіне дейін жасайды. Сол үйлерге айтатынымыз осы жылыту маусымын дайындықты кешіктірмей бірінші қыркүйекке дейін өткізулерін сұраймыз», – дейді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекшісі Аслан Ілиясов.
Өйткені жылу қыркүйектің ортасына қарай беріледі. Қазір қалада жерасты құбырларын жөндеу жұмыстары да қатар жүріп жатыр.