Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Қауіпсіздік Кеңесі кезекті рет Сириядағы резонанс тудырған жағдайға қатысты шешім қабылдауда қауқарсыз болып шықты. Дума қаласында болған химиялық шабуылды талқылау шегіне жетті, Кеңестің тұрақты мүшелерінің шешім қабылдауында келіспеушіліктер туындады, ал Ресей тағы да вето құқығын қолданды. Осылайша,бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қаруды қолдануға қатысы тәуелсіз тергеу туралы АҚШ-тың қарар жобасы бұғатталды.
Сириядағы құқық қорғау органдары Шығыс Ғұтада химиялық улы заттекті қолдану салдарынан ондаған адамның қаза тауып, жүздеген адамның зардап шеккенін хабарлап, дабыл қағуда. Шабуыл салдарына қатысты жүздеген фотосуреттер мен бейнежазбалар Ғаламторға тарап кетті.
Euronews таратқан ақпарға сәйкес, Ресей болған жайтты арандатушылық деп, ешқандай химиялық шабуыл болмады деп мәлімдеді. Мәскеу өз сарапшыларының ақпаратына жүгінді. Орыс сарапшылары өз әскерилеріне сілтеме жасай отырып, Думада болып, топырақ үлгілерін талдап, куәгерлерден жауап алып, қаза тапқандардың мәйіті мен зардап шеккендерді таппақ болған.
Ресей орын алған жайтты тергеу ісін химиялық қаруға тыйым салу Ұйымына тапсыру туралы ұсыныс жасады, сондай-ақ бұл тұрғыда Ресей сарапшылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілетініне және оқиға орнына қол жетімділіктің болатынына уәде берді. Дегенмен, қарардың бұл жобасы Қауіпсіздік Кеңесінде қажетті дауыс жинай алмады. Сонымен қатар отырыста Швеция ұсынған тағы бір жобаны талқылау үшін үзіліс жарияланды. Ресей бұған дейін де аталған жаңа қарар жобаларын қолдап, оны өз бастамаларымен толықтыруға ниетті болған еді.
АҚШ Қауіпсіздік Кеңесінен тыс шешім қабылдайды
Думадағы жағдай талқыланып жатқан отырыста АҚШ Қауіпсіздік Кеңесінің дауыс беру қорытындыларына қарамастан, химиялық шабуылға қатысты өздерінің айқын шараларын қолданатынын мәлімдеп, ескерту жасады. Франция президенті Эмануэль Макрон Сириядағы әскери нысандарға шабуыл жасауға дайындық жасалып жатқанын хабарлады: операцияны бастауға қатысты шешімді Париж жақын күндері қабылдайды.
Еске салсақ, жексенбіде Шығыс Ғұтада химиялық шабуыл орын алды. Салдарынан БАҚ-та таралған ақпарға сәйкес, ондаған адам, соның ішінде басым көпшілігі балалар зардап шеккен. Химиялық шабуылға бүлікшілер Үкімет әскерін айыптады. Ал билік әскері болса, мұны үзілді-кесілді жоққа шығарды.