Пәкістан премьер-министрі қызметтен шеттетілді

0
82
Пәкістанның биліктен шеттетілген премьер-министрі Имран Хан. Photo: BBC

Жексенбіде Пәкістан парламенті премьер-министр Имран Ханды қызметінен алды. 342 депутаттың 174-і Ханды үкімет жетекшісі қызметінен босату туралы шешімді қолдаған. Жаңа премьер-министрліктен үміткерлерге дауыс беру 11 сәуірде өтуі мүмкін.

Имран Хан Пәкістан тарихында парламент сенімсіздік танытқаннан кейін вотум арқылы қызметінен шеттетілген алғашқы премьер. Парламент отырысы өтетін күні үкімет ғимараты орналасқан ауданға әскери қызметкерлер әкелінген.

Елдегі оппозиция жетекшісі Шахбаз Шариф жақтастарына өзінің ұсынысын қолдағаны үшін алғыс білдірді.

Оппозиция Имран Ханды экономиканы тиімсіз басқарды, жемқорлық жасады деп айыптайды. 220 млн тұрғыны бар елде кейінгі кезде азық-түлік, бензин, газ едәуір қымбаттаған.

Имран Хан 2018 жылдан бері премьер-министр қызметін атқарған. Ол елді экономикалық дағдарыстан құтқарып, жемқорлықты жеңуге уәде берген, алайда қазір көптеген тұрғындар саясаткер бұл екі уәдесін де орындамады деп санайды.

Ханның орнын оппозиция жетекшісі Шахбаз Шариф басуы мүмкін деген болжам бар. Пәкістанның жаңа премьер-министрі келесі парламент сайлауына дейін, яғни 2023 жылдың қазанына дейін билікте қалуы мүмкін.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз