Головкин жапон боксшысын нокаутпен жеңді

0
227
Головкин-Мурата жекпе-жегі. Photo: AFP

9 сәуірде Жапонияның Сайтама қаласында кәсіпқой бокс кешінде 40 жастағы Головкин 36 жастағы Муратаны 9-раундта нокаутпен жеңді.

Алғашында екі боксшы тең дәрежеде бокстасқанымен, төртінші раундтан бастап Головкин соққыларды үдетіп, басымдықты өз қолына алды. 8-раундта GGG (Головкиннің бокстағы лақап аты) шабуылдар сериясына көшіп, Мурата қорғанумен болды. Ал 9-раундта Головкиннің қатты соққылары тіпті күшейіп, Муратаның ешқандай шабуыл жасауға мүмкіндігі болмады. Раунд ортасында Мурата рингте тәлтіректеп құлады да, шаршы алаңға ақ орамал тасталды. Ақ орамал – қарсылас тараптың жеңілісті мойындауы.

Жекпе-жектен кейін Головкин “шамасы келгенше аяғында тұрған” Муратаға, жанкүйерлерге, Қазақстаннан арнайы келген фанаттарға, бокс кешін ұйымдастырғандарға алғыс айтты. Бұған қоса, Головкин Муратаға рингке киіп шыққан шапанын сыйға тартты.

Головкин осы жеңісінен соң IBF, IBO нұсқасы бойынша чемпиондық атағын қорғап қалды. Ал Мурата өз иелігіндегі WBA Super белдігін Головкинге берген. Бірақ кейін Головкин белдікті де Муратаға қайтарып, “бұл белдік сенде өмір бойы қалуы керек” деді (белдік Муратада болғанымен, WBA Super чемпиондық атағы Головкинге өтеді).

Бұдан бөлек, Total Sport сайтының мәліметінше, Головкин бұл жекпе-жек үшін 5 млн доллар және ақылы телетрансляциядан түскен қаржының 70 пайызын алады. Мурата 500 мың доллар және трансляциядан түскен ақшаның 30 пайызын иеленеді.

Головкин осымен 44 кездесу өткізіп, 42-рет жеңіске жетіп (36 жекпе-жекті нокаутпен жеңген) отыр. Ол бұрын мексикалық Сауль Алвареспен бір рет тең түсіп, бір рет жеңілген еді. Ал Мурата 19 рет рингке шығып, үшінші рет жеңілді. Жапониялық боксшы 16 жекпе-жекте (13 матч нокаутпен) жеңген.

Головкинмен кездесу алдында Мурата The Sun басылымына берген сұхбатында жеңісіне өте сенімді болған еді. Ол “Головкиннің мықты кезі артта қалды” деген. Ал бокс сарапшылары Мурата 40 жасқа толған “ардагер” Головкинге лайықты қарсылық көрсетіп, прессинг пен соққылар жасап, жеңіске жетуге тырысады деп болжаған. Бірақ жекпе-жек алдында букмекерлік кеңселер Головкин жеңіске жетеді деп бағалады.

Головкин араға 16 ай салып рингке оралды. Ол бұған дейін 2020 жылы желтоқсанда польшалық Камил Шереметаны уақытынан бұрын жеңген. Ал Мурата 2019 жылдың желтоқсанынан бері алғаш рет жекпе-жек өткізді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз