Ресей Федерациясы үкіметінің экономикалық және әскери блогы АҚШ-тың жаңа санкциясына қарымта қайтаруға ниетті. Бұл туралы РФ СІМ басшысының орынбасары Сергей Рябков мәлімдеді.
РИА Новости ақпарына сәйкес, “Россия-1” телеарнасына сұхбат беру барысында С. Рябков Ресей санкцияларды еңсеретінін алға тартып, санкцияларға дайындықтың жүріп жатқандығын атап өтті. “Бұған (санкцияларға-ред) экономикалық және әскери блок дайындалуда”, – деп мәлімдеді С. Рябков.
Ресейді химиялық қару қолдануда айыптаған Құрама Штаттардың жаңа санкциясы Вашингтон уақытымен дүйсенбі күні күшіне енді. Lenta.ru таратқан ақпарға сәйкес, АҚШ Мемлекеттік департаменті Ресейге ғарыш саласы мен азаматтық авиация саласын есепке алмағанда, қару-жарақ пен қос бағытты өнімдерге лицензия беруді тоқтатады. Бұдан өзге Мәскеу “кез келген несиеден, несиеге берілетін кепілдіктен, және өзге де қаржылық қолдаудан” айырылады, АҚШ Мәскеуге берілетін кез келген көмек түрінен бас тартады деп хабарланады.
Ресейге қарсы санкция енгізуге Британияның Солсбери қаласында Бас барлау қызметінің бұрынғы қызметкері Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальдің улануы түрткі болды. АҚШ тарабы Ресейді С. Скрипаль мен қызын қасақана улады деп айыптады. Өз кезегінде Ресей аталған айыптауды жоққа шығарып, бірлескен тергеу-тексеру амалдарын жүргізуді ұсынды. Ресми Лондон бұл ұсыныстан бас тартты.