Саудия мен Иран арасында әскери кикілжің болуы ықтимал

0
87
дереккөзден

Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салман әл Сауд Иранмен 10-15 жылдан кейін әскери кикілжің орын алу мүмкіндігін ескертті. Wall Street Journal газетіне берген сұхбатында мұрагер ханзада халықаралық қауымдастықты аймақтағы әскери кикілжіңнің алдын алу үшін Тегеранға қарсы қатаң шаралар қолдануға шақырды.

Мұхаммед бен Салманның айтуынша, әлемдік қауымдастық қатаң шаралар қолданбаса, Сауд Арабиясы мен Иранда 10-15 жылдан кейін  әскери кикілжің орын алады. «Біз әскери кикілжіңнің алдын алу үшін бұған (қатаң шараларға-ред) қол жеткізуіміз керек», – дейді мұрагер ханзада.

«Риа Новости» таратқан ақпарға сәйкес, ресми Эр-Рияд Тегеранды Йемендегі бүлікшілерге заңсыз қару-жарақ жеткізуде (соның ішінде зымыран) айыптады. Тегеран аталған айыптауларды жоққа шығарды.


2014 жылдан бері Йеменде әскери кикілжің жалғасып келеді. Кикілжіңге түскен екі тарап – «Ансар Алла» шиит қозғалысының өкілдері бүлікші хуситтар және президент Абд Рабба Мансұр Хади тараптас үкімет әскері.

26 наурызда Саудиядағы коалициялық топ Йемен аумағынан Сауд Арабиясына қарай бағытталған жеті зымыранды тізгіндегендерін хабарлады. “Al-Arabia” таратқан ақпарға сәйкес, аталған жеті зымыранның үшеуі корольдік астанасы Эр-Риядқа қарай бағытталғаны анықталды.

Сафина Саид

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз