Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов ауыл мұғалімдерін электронды күнделік (kundelik.kz) толтыру міндетінен босатты. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкiмдiкте өткен цифрландыру мәселелерi бойынша отырыста облыс әкімі ауылдарда мұғалiмдердi электронды күнделiктi мәжбүрлеу фактiлерi бар екенiн айтты. Сонымен қатар, интернет жоқ ауылдарда электронды күнделікті толтырмауларына рұқсат берді.
“Интернет жоқ ауылдарда электронды күнделiктi толтыру қисынға келмейдi. Мұғалiмдердi мәжбүрлемеңiздер. Интернеттiң жылдамдығы төмен болғасын, мектепте түнде жұмыс iстеуге тура келедi. Тiптi кейбiр мұғалiмдер көршi ауылға барып, толтырады дегендi естiдiм. Мұндай бассыздыққа жол берiлмесiн”, – дедi Құмар Ақсақалов.
Ол электронды күнделіктерге қатысты шағымдар көп екенін атап өтті.
“Егер интернет болмаса, мұғалімдерді күнделік толтыруға мәжбүрлемеңіздер. Жоғары жылдамдықты интернет болмаса да, мен электронды күнделікті ауылдарда пайдалануға тыйым саламын”, – деді облыс басшысы.
СҚО білім басқармасының басшысы бұл проблеманың шынымен бар екенін растады.
“Мектептерде интернет бар, тек ауылдарда жоқ. Ата-аналар балаларының бағаларын көре алмайды. 25 мектепте біз электронды күнделіктерді толтыруға қойылатын талаптарды алып тастадық”, – деді облыстық білім департаментінің басшысы.
Осыған қатысты “Ақ жол” партиясы Бас Прокурордан 31% мектептердің техникалық қол жетімсіздігін ескерместен, “Күнделік” жүйесін енгізген Білім министрлігінің әрекетіне қатысты құқықтық баға беруді сұраған болатын.
Депутаттардың айтуынша, “Kundelik.kz” бағдарламасының сайтында үнемі әр түрлі тауарлар мен қызметтердің коммерциялық жарнамалары жүреді. Олар мемлекеттік мекемелердің оқу базасында коммерциялық жарнаманы орналастыру қаншалықты дұрыс екенін айтып шағымданған.