Қытайда таралып жатқан коронавирус Қазақстан аумағында тіркелген жоқ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Жандарбек Бекшин айтты.
Бекшин коронавирустық инфекция бойынша Қазақстанда алдын алу жұмыстары туралы айтып берді.
“Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қытай Халық Республикасында 23 қаңтарға дейін коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 571 жағдайы тіркеліп, 17 адам көз жұмды. Қытай эпидемиологтарының ақпаратына сәйкес, бұл инфекция Ухань қаласында орналасқан Хуанань теңіз өнімдерінің көтерме сауда базарларында таралуда. Ол жақта теңіз өнімдері мен жануарлар өнімдерін сататын 7 базар бар”, – деді Жандарбек Бекшин.
Вирус қалай пайда болды?
Бекшин бұл инфекцияның пайда болу және таралу жолдары нақты дәлелденбегенін атап өтті.
“Ауырған адамдардың көбі базармен байланысты болғандықтан баса назар аударып жатыр. Ол жерде біреу – сатушы, енді бірі – өндіруші, сатып алушы. ДСҰ бұрын бұл инфекция адамнан адамға жұқпайтынын айтса, қазіргі уақытта адамнан адамға жұққан жағдайлар бар екенін айтып жатыр. Вирус биік концентратты болған кезде адамнан адамға жұғады. Біз Ухань қаласындағы жағдайды тәулік бойы назарға алып жатырмыз. Қазіргі уақытта ҚХР жергілікті билігі бұл қаланы карантинге қойды”, – дейді ол.
Сонымен қатар, ДСҰ ақпаратына сәйкес коронавирустың жаңа түрімен ауырған жағдайлар Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Тайваньда және АҚШ-та тіркелген. Ауырғандардың бәрі Ухань қаласына барғандар болып шыққан.
Вирус шыққан Қытайдың қаласы карантинге қойылды
“Ухань қаласы карантинге қойылды. Демек, қалаға кіруге де, шығуға да болмайды. Бұл – өте дұрыс шешім. Өз тарапымыздан қазақстандықтарға, әсіресе әуе жолымен жүретіндерге түсіндіру жүргізіп жатырмыз. Бас санитарлық дәрігердің 6 қаңтар күнгі қаулысы бойынша, Қытайдан келе жатқан жолаушылар термометриядан өтеді”, – дейді Бекшин.
Қазіргі таңда 13 мыңнан астам жолаушы термометриядан өткен. Әзірге инфекция тіркелмеген.
Аурудың алғашқы белгілері қандай?
“Әуежайларда карантин пункті орналасқан. Ухань қаласынан Қазақстанға тікелей рейс жоқ. Бірақ Алматыдан ҚХР-ға – 5 рейс, Нұр-Сұлтан қаласынан 3 рейс бар. Осы рейстерге үлкен мән беріледі. Сондай-ақ, шекаралық жерлерде де жағдайы қатаң бақылауға алынған. Екіншіден, ұшақтағы экипаж мүшелерімен жұмыс жасап жатырмыз. Оларға ауру белгілері қандай болатынын түсіндірілуде. Ұшақтар 6 сағаттан астам уақыт ұшады. Сол кезде жолаушылардың дене қызуы көтерілсе, жөтелсе, ентіксе, бойын әлсіздік билесе – мән берулері керек. Тұмау мен коронавирустық инфекцияның белгілері ұқсас, осы жағынан анықтауға қиындық туады”, – деді Ж.Бекшин.
Алдын алу үшін не істеген жөн?
- Қажеттілік болмаса ҚХР-ға барудан бас тарту;
- ҚХР-ға барған күннің өзінде Ухань қаласына және Хубэй провинциясына жол жүруден бас тарту;
- ҚХР-да болған кезде немесе сол жерден оралған кезде респираторлық ауруды көрсететін симптомдар пайда болған жағдайда медициналық көмекке жүгіну немесе өзінің емдеуші дәрігеріне хабарлау;
- жіті респираторлы инфекциялармен ауыратын адамдармен тығыз байланыста болу;
- Науқас адамдармен тікелей байланыста болған соң немесе олардың айналасында болсаңыз жиі қол жуу;
- Үй жануарларымен немесе жабайы жануарлармен тығыз байланыста болмау;
- ЖРВИ-мен ауыратын науқастармен қоғамдық орындарда және ауруханаларда бірге болсаңыз бетперде тағу;
- Жіті респираторлық инфекция симптомдары бар адамдар жөтелдің этикетін сақтауы тиіс (қашықтықты сақтаңыз, жөтелгенде бір рет қолданылатын майлықтармен немесе мұрын орамалымен ауызды жабу керек).