Қазақстан бойынша 25 мың ескерткіш болса, соның 40-45 пайызы Маңғыстау облысында орналасқан, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Алайда, ескі молаға адам жерлейтіндер әлі күнге дейін кезігуде. Мәселен, мемлекеттік қорғауға алынған ескерткіштердің қоршауы бола тұра ауласына заңсыз құрылыс салатындар көп. Ал заң бойынша ол жер қорғау аймақтарына жатады.
Соңғы уақытта мұндай деректер жиілеп кеткен. “Ата-бабам сол жерде жатыр” деп уәж айтатындар мемлекеттік жауапты органдарға ескертпей, қайтыс болған әке-шешелерін, бауырларын немесе жақын туыстарын тарихи ескерткіштердің аумағына апарып жерлейді екен. Онысы аздай үлкен-үлкен сәулетті күмбездер салып қойғандар да көп.
“Мұндай жағдайлар елді-мекендерге жақын жерлердегі қойымдықтарда жиі кездеседі. Ал заң бойынша мемлекеттік тізілімге енгізілген ескерткіштерге мәйіт қоюға болмайды және заңсыз құрылыстар салуға тыйым салынған. Өйткені, бұл сол ескерткіштердің тарихи сипатын бұзады. Біз үнемі осындай адамдармен соттасып жүреміз. Бірақ, заңымыз әлсіз. Сот оларға тек шамамен отыз мың теңге көлемінде ғана айыппұл салады. Ол аз. Адам жерлейтін болса, кеңес кезінде, кейінгі уақытта пайда болған молалар көп қой. Болмаса, әкімдіктер таза жерден орын берсін. Қола дәуірінде, орта ғасырларда пайда болған тарихи ескерткіштерге тимеу керек”, – дейді “Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы” ММ директоры Нұрлан Құлбай.
Оның айтуынша осы қатынастарды реттейтін “Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану” заңын жетілдіру керек.