Нұр-Сұлтанда 26-27 қыркүйек күндері Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарының азық-түлік жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдіктің хабарлауынша, жалпы тауарлардың 65 түрі нарықтағы бағадан 10-15% төмен болады. Өтетін орны Хан-Шатыр сауда ойын-сауық орталығының жанындағы алаң. (Қонаев көшесі мен Тұран даңғылының қиылысы)
Екі облыс 732 тонна ауылшаруашылық өнімін әкеледі. Оның 293 тоннасы картоп пен көкөніс, 117,5 тонна ет өнімдері, 50 тоннасы сүт өнімдерін, 45 тонна бал, 40 тонна ұн, 10 тонна өсімдік майы, 9,3 тонна балық, 8 тонна қымыз және ұлттық өнімдер, 1,5 тонна жарма және 20 тонна басқа өнімдерді және т.б.. Жоспар бойынша жалпы құны 421 миллион теңгеден асады.
Бірқатар өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, тауық еті мен жұмыртқа қауіпсіздік мақсатында жәрмеңкеде сатылмайды.
Жәрмеңке 5 қыркүйек күні басталған. Түркістан және Алматы облыстары 800 тоннадан астам өнім әкелген. Одан кейінгі апта соңында Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстары 405 тонна өнім әкелді. Өткен аптада Қызылорда және Ақтөбе облыстары 540 тонна өнім жеткізген.
Пандемия кезінде, жәрмеңкеге келушілер қатаң санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтап, маска тағып, арақашықтық сақтауы және міндетті түрде антисептик қолдануы керек.