Не үшін Астанаға көшіп келдің?

0
182

Бір айдан асты осы сұрақтың жауабын іздеп жүргеніме… Көшіп келген күннен бастап көлденең кездескеннің барлығы осы сұрақты қояды. Жылт етіп кездескеннің барлығына бастан аяқ қалай түсіндіресің? Оның үстіне нақты жауап болмаған соң, жауап беруге зауқың да соқпайды екен. Ананы бір айтып, мынаны бір айтып қоятынмын. Міне, енді ғана жан жағымызға қарап, Елордаға не үшін қоныс аударғанымды түсінгендеймін.

Бас қалада бұл сұрақты қою сәнге айналған екен. Қоныс аударғанына он жылдан асқан адамдардың өзіне де қойыла береді. Астанаға не үшін көшіп келдіңіз? Қашан көшіп келдіңіз? Қай жақтан келдіңіз? Бастапқыда мезі боп көрінген сұрақтар, кейіннен өте маңызды әрі шабыттандыратын сұраққа айналды. Осы сұрақтан соң расымен де ойланасың. Не үшін келгеніңді, келгелі бері осыншама уақытта не істегеніңді. Оның үсіне сөйлесіп отырған адамыңды да жақсы тануға мүмкіндік береді. Сонымен мен не үшін Астанаға көшіп келдім?

Асылында Астанаға студенттік шақ өткен ыстық қала болғаны үшін келдім. Өзге қалаларда ұзақ уақыт болмағандықтан үйренісіп кету қиындау болады деп іштей топшылағанмын. Оның үстіне ара-тұра бас қалаға қонаққа келген кезде қалай дамып, көркейіп жатқанын көрдім. Әр келген сайын жаңа ғимараттар бой көтеріп, бұрынғы көшелерім танымастай өзгеріп жатты. Қоныс аударған соң таңдауымның дұрыстығына одан сайын көзім жетіп, өзге аймақтағылардың, тіпті, шетелдіктердің де осынау қаланың тұрғыны болуға асығатынын түсіндім. Және ол нәрсе өзгелерді де магнитше тартып, өзіне баурап тұрады. Астананың өзге қалалардан артықшылығы да осыда. Ол тұрғындар.

Иә, қарапайым тұрғындар. Өйткені, адамдар қауіпсіз, жалақысы жоғары, кәсіпке ыңғайлы, табиғаты жайлы, инфрақұрылым дамыған, әсем қалаға ұмтылады. Ал, Астана алғаш бас қала болған кезде «Ит байласа тұрмайтын жер» еді. Бұның барлығы өзінің туып өскен жерін қиып, осында көшіп келген адамдардың арқасы. Тұрғын болмаса қаңыраған зәулім ғимараттарың бір тиынға татымайды. Ашқан жұмыс орындар жабылып, кәсібің кері кетеді.

Ал, Қазір қандай? Қауіпсіз, кәсіпке ыңғайлы, дамыған, білімді адамдар шоғырланған, заманауи ғимараттар мен инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген мегаполисқа айналды. Соның арқасында әлемнің көптеген инвесторларын тартып, туристердің көзайымына айналып, көптеген адамдарға пана бола білді. Құр сөзбен емес, нақты дәлелмен сөйлейік. Мәселен, Астана Z/Yen Group Global Financial Centers рейтингінде топ ондықтың қатарында. Қалада KPMG, PwC, Ernst & Young және т.б. сияқты көптеген ірі халықаралық компаниялар бар. Бұдан бөлек, AХҚО аясында ағылшын коммерциялық құқық қағидаттарына және Лондон, Нью-Йорк, Гонконг, Сингапур, Дубай сияқты жетекші әлемдік қаржы орта- лықтарының стандарттарына негізделген арнайы юрисдикция енгізілді. Онда ең жоғары халықаралық стандарттарға жауап беретін AIX жоғары технологиялық қор биржасы бар. Бас қаланың басқа да дамушы факторларын мамандар да онсыз да жіпке тізіп айтып жүр.

Міне осындай қалаға адамдар қызығады. Қоныс аударады. Ал қоныс аударған сайын, қозғалыс, тұтыну көбейеді. Сауда саттық артады. Ал бұл экономиканы дамытудың негізгі факторы. Жуырда бір жерден Астанаға Италиядан көшіп келген адам туралы оқып қалдым. Ол әлемдегі озық елден не үшін дәл астанаға келді?

Елорда кез келген елдің жүрегі. Бұл мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірі шоғырланған жер. Көптеген адамдардың астанаға көшуге ұмтылуы таңқаларлық емес. Бір кездері сары дала болып жатқан жер, бұл күндері көшелері толған, келбеті келіскен.


Қанат Сапарғали

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз