Бақытжан Ертаев: «Жаным – Құдайға, жүрегім – шаңырағыма, өмірім – Отаныма»

0
164

– 2017 жылы «Жаһандық әскери қуаттылық рейтингісі» (Global Firepower Military Ranks) жарияланды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әскери әлеуеті жағынан 133 елдің арасынан 50-ші орынға ие болды. Рейтингте посткеңестік елдер арасында көршілес Өзбекстан 48 орынға жайғасса, әскери кикілжің жағдайындағы Украина 30 орында. Қазақстан аталған мемлекеттерден әскери әлеуеті бойынша неліктен қалыс қалды?

 Көбі осы сұрақты төтесінен қояды. Салыстырып қарар болсақ, Өзбекстанның халық саны қанша, жер аумағы қандай?! Біздің халық санымыз қанша, жер аумағымыз қандай? Өзбекстанның шағын территориясына шекара қорғаушылар аса көп қажет емес. Шағын ғана аумаққа лайықталған әскер әрине көп болып көрінеді. Мәселе санда емес, мәселе – күште, әскери кәсібилікте, шеберлікте, сондай-ақ әскердің кез келген жағдайға сайма-сай дайындығында. Біздің Қарулы Күштерде әскери дайындық бар. Алдағы 7 мамырда Қордай тауының етегіндегі Матабұлақ полигонында әскери парад өтеді. Аталған парадқа үш мыңға жуық әскер, 30 мыңға жуық әуе ұшқыштары, үш жүзден астам әскери техника қатысады. Мұның өзі елдің қазіргі әскери әлеуетін білдіреді. Қазір елдің экономикасы өскен сайын, әскери әлеуетте көтеріліп келеді. Сол әлеуетті мығымдап ұстау сарбаздан бастап командирдің парызы. Ал сіздің жоғарыда қойып отырған сұрағыңыз дұрыс. Бұл рейтингте әр мемлекетті аталған орындарға қалай жайғастырды? Бұлар жалпы территорияны алады, жердің аумағына бар әскерді қосады да бөледі. Кем болып қалды ма, демек әскери әлеуеті тұрғысынан әлсіз деген шешім шығарады. Тіпті Эфиопия, Нигерия сынды елдер әскери әлеуеті тұрғысынан қалайша алдыңғы шепте деп өзіңізде таң қалған боларсыз. Сол себептен аталған рейтингке де қалыпты көзқараспен қарау қажет. Бәрінен бұрын біз елдің тыныштығымен, абыройымен мақтанамыз. Жақында елбасы, Бас қолбасшымыз Нью-Йоркте тұрып, «Мен еліме алғыс айтамын!» деді. Міне, біз осындай деңгейге жеттік.
“Президентіміз бізге сенді, біз президентке, халық бізге сенім артты”
Тарихсыз ел болмайды. Әр тарих бетін парақтаған сайын ойлап қарасам, мен алғашқы күннен-ақ Қарулы Күштердің сапында тұрдым. Тоқсаныншы жылдары үлкен дивизияны басқардым, Германияда полк басқардым. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жағдай қиын еді. Бәрі жан-жаққа тарады, шашырады. Бірінші мәселе – кадр жинақтау еді. Сол сәтте Кеңес одағының батыры, генерал Сағадат Нұрмағамбетов тұңғыш Қорғаныс министрі болып тағайындалып, жан-жақта жүрген бәрімізді жинады. Сол сәтте мен Германияда полк командирі едім. Елдің жағдайын естіп, бар жүгімді жинап, Отаныма аттандым. Бірінші күннен мына ауыр жүкті көтере аламыз ба деген сауал тұрды көкейде. Қалған техниканы сақтап қалу, кадр мәселесі, шешімін таппаған әлеуметтік жағдай күн тәртібінде тұр еді. Тіпті еңбекақы, еңбек демалысы дегенді мүлдем ойламайтынбыз. Себебі, белсенді болдық. Президентіміз бізге сенді, біз президентке, халық бізге сенім артты, осылайша жұмысты бастап кеттік. Мұның бәрін неге айтып отырмын? Мұндай салыстыруды әр мемлекеттің жер ауқымына қарай айту керек.
“Ел аумағында территориялық қорғаныс күші құрылады”
Қазір біздің Қарулы Күштеріміз белін мығым буынған. Шеберлігі де бар, абыройы да бар. Дегенмен, территориялық резерв деген болады. Мына Украинадағы жағдайды бағамдап қарар болсақ, территориялық резерв қажет. Қазір Бас қолбасшының бұйрығымен территориялық қорғаныс күші жиналып жатыр. Ал әр облыстың әкімдері сол территориялық қорғаныстың төрағалары, командирлері болады. Әр аумақтың өз туы болады. Менің білуімше, 9 мамырда Алматы қаласындағы Панфилов атындағы саябақта Бас қолбасшы, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әр облыс әкімдеріне сол туларды ұсынады. Территориялық қорғаныс күші нені білдіреді? Бұл ел басына күн туған сәтте ішкі дайындықтың, қорғаныстың сақадай сай болуы деген сөз. Және бұл бастама өте дұрыс. Сондықтан түйін мынада, бар мәселе әскерлердің санында емес, әскерді шеберлікпен бағыттауда, әскери елжандылық пен шеберлікте. Осы орайда әскерді дайындауда офицерлер, командирлер кірпік қақпай жұмыс жасауы қажет. Ол әр сарбаздан бастап генералға шейін қасиетті парыз.

– Ұлттық патриотизм турасында ой бөліссеңіз

Бұл сұрақ мені әр уақытта толғантады. Әр азамат Отан алдында ант алып, сапта болуы керек деген ойдамын. Балалыққа бір бағамдап қарасам, бұрын ағамыз әскери борышын өтеп келе жатыр дегенді естігенді топырақ жолды кешіп, соған қарай жүгіретінбіз. Жеткен кезде бір түймесін сүйсек, басындағы бас киімін алып қалсақ, өзімізді бір генералдай сезінер едік. Сарбазды сондай сыйлайтынбыз. Кеңес заманында ағаларымыз әскери борышын елден жырақта, Украинада, Кубада, Германияда өтейтін. Қазір бар сарбаз өз елінде қызмет етеді. Өзі Тараздың тумасы болса, Луговойда әскери борышын өтейтін болса, шешесі «Ойбай, баламды Таразға аударып беріңіз» дейді. Былайша айтқанда мәселе жоқ емес бар. Біреулер тіпті патриоттың тілімен сайрайды, патриот тілмен емес, жүрекпен болу керек. Жүректе қазақтың картасы тұруы міндет. Мен кейде жаным – Құдайға, жүрегім – шаңырағыма, өмірім – Отаныма деп күліп айтамын. Бұрын аталарымыз тізесіне отырғызып алып, «анау Бауыржандай, Әлиядай болыңдар» деп айтатын. Қазір солай айтатындар бар ма?! Тіпті білім беретін мекемелерде де айтылып жатқан жоқ, ашығын айтқанда. Жақында депутат парызымен Қостанайда болдым. Жанымда тағы бір-екі депутат бар, бесінші сыныптың баласынан «Бауыржан кім?» деп сұрасақ, білмейді. Бұл ұят емес пе? Мен тіке айтып тастадым. Елжандылық деген тәрбие туғаннан, отбасынан бастау алуы қажет. Туған ауылдан, өскен ортадан басталуы міндет. Мен әкесіз өстім, алтын бесігім өсірді, өндірді, туған мекеніме мешіт соқтырып бердім. Мешіттің жанында қаһарман аллеясы бар. Жастарды жинап алып жанына әке-аталарыңа тал отырғызыңдар дедім. Неде болса, біз жастарды шетке ысырмауымыз керек. Жастарды бұзылып кетті дейді. Жоқ, жастар өз заманымен өмір сүріп жатыр. Оларға отаншыл патриотизмді үйрету қажет. Күніне патриот, патриот деп қақсай беруге болмайды. Бұған дейін Отан үшін жанын пида еткендердің жолын көрсету қажет.
“Жұмыссыз жастар жайы алаңдатады”
Мені тағы бір ойландыратыны жұмыссыз қалған жастар. Базарда жүк көтеріп жүреді, оны да жұмыс делік. Бірақ ол уақытша ғана. Бар тапқан таянғанын сол күні-ақ жұмсап жібереді. Біреулер осы түріне күйінеді, біреулер өз қатарластарын қызғанатын шығар.  Кейбір жастар Құранның жартысының жартысын білмейтін бір діншілдерге жолығады, ол жасты дінге салады. Одан кейін кім болып шығатынын өзіңіз де білесіз. Міне, азшылдық, жоқшылық – қылмысқа салады. Қазір жастар тіпті жоғары білім алып келсе де, жұмыссыз қалып жатады. Жұмысқа орналасайын десе, жұмыс беруші «сен әлі жассың, тәжірибең жоқ» дейді. Сонда ол қалай үйренеді, тәжірибе жинақтайды?
“Жастарға арнап құрылыс – инженерлік батальондар құру қажет”
Мынадай ой бар. Құрылыс-инженерлік батальондар құрылса. Оған барған жастар бірінші кезекте Отан алдында ант алады. Содан кейін дәнекерлеуші, құрылысшы, көлік айдаушы тағысын тағы мамандықтарды игеріп шығады. Әскери өмірді көреді, жаңа орта, достар табады. Қара жұмыста жүрген жастар әскер сапына барып, мамандық алады.  Отан алдында ант алу ол – елжандылық. Ал қазір жұмыссыз жүргендерге «елжанды бол» деу қиын. Кейбіреулер дәнекерлеуші, аула сыпырушы деп менсінбей жатады. Мұндай жұмыскерлерсіз қандай өмір? Қара жұмыс істеген адамдармен екі қолдап амандасу қажет, оған алғыс білдіру керек. Жұмыстың өзі тәрбие. Елжанды болам десең, біреуді байлығымен, біреуді кедейлігімен сыйлама. Бәріміз қазақпыз, қазақстандықтармыз. Әр адам түрлі мамандық иесі болса да, бәрінің бір сапта тұрып, елінің болашағы үшін жұмыс істейтін, ел экономикасын көтеруді көздейтін жан болуы бұл міне –  патриот.

-РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгу ДАИШ* лаңкестік ұйымының содырлары Сирия мен Ирактағы құлдыраудан кейін Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азияға қарай ойысуда деп мәлімдеме жасады. Аталған лаңкестік топтардың Орталық Азиялық аренаға таралуы Таяу Шығыстағыдай дүрбелең тудырмайды ма? Осы орайда Қорғаныс министрлігі тарапынан мұндай топтармен лаңкестікте қандай шаралар жолға қойылып жатыр?

Ата-бабаларымыз сақтықта – қорлық жоқ деген. Ел аумағын қорғап, сақтауда шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бірінші, шекараны делимитацияладық. Екіншіден, шекарашылар бар. Олар шекараның сақтығын ойлайды. Үшіншіден, әр жерде ішкі істер қызметкерлері бар, Қорғаныс министрлігі бар, тіпті халқымыз бар. Кейде осы жайтқа қатысты анау Ақтауда (2016 жылы Ақтөбеде болған лаңкестік әрекет болса керек – ред) болған оқиғаны айтады. Ақтауда болған оқиғаны сырттан келіп ешкім жүзеге асырған жоқ, ол өз ішімізде болды. Қазір сақтық шаралары қай тұрғыдан алғанда да бар. Біздің қорғаныс комитеті ұзақ жылдар жұмыс жасады.

“Бейбітшілік үшін ядролық қарудан бас тарттық”

Қазақстанның бейбіт сүйгіш ел екенін қазір барша жаһан біледі. Кезінде ядролық қару қорынан төртінші орын алатын держава болдық, біз қарудан бас тарттық. Неге? Бас қолбасшымыз елге сенім артып, тыныштықты ойлағаннан кейін, қарудан қол үздік. Сириядағы, Ауғанстандағы жағдайды жақсы білеміз, хабарымыз бар. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, қаншама жасақталан мәмілелер, келісімшарттар бар: ШЫҰ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы дегендей. Мұның барлығын барлар болсақ, қорғанар күш бар.

– Әскерилердің жұмыспен қамтылуы қалай жолға қойылған?

Әскери сапта жоғары оқу бітіргендер жұмыссыз қалмайды. Себебі біз қажеттілікке қараймыз. Мәселен, бір мың танкист қажет болса, бір мың танкисті оқытып шығарады. Өз басым жұмыссыз қалған әскериді көрген емеспін. Пагон киіп, шең алғанының бәрі жұмыспен қамтылған. Бұдан өзге қазір жұмысқа шарт белгісімен де қабылданып отыр. “скерилерге бар жағдай жасалған, еңбек ақысы бар, пәтері бар, қажетті жеңілдіктері де жолға қойылған. Сонымен қатар қазір ЖОО-да әскери кафедралар құрылған. Аталған кафедраға да құжат тапсырушылар саны жетерлік.
“Полиция қызметкерлерінің деңгейін көтеру қажет”
Осы орайда айта кетерлігі, жергілікті полициялар, ішкі істер қызметкерлерінің деңгейін көтеру қажет. Олардың жұмысының салмағы ауыр, себебі қоғаммен, халықпен жұмыс істейді.

 – Қазіргі уақытта әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан саяси қақтығыстар, кикілжіңдер, лаңкестік әрекеттер жаһандық мәселелердің күн тәртібінде тұр. Аталған жайттарға діннің саясат құралына айналуы себепкер деп ойлайсыз ба?

“Діни салт-жоралғыда бірізділік қажет”
Дін – елдің тыныштығы, бірлігі, үкіметтің жұп болып ел амандығын ойлауы. Көп алаңдататыны, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары көбі шетелде оқыды. Пәкістанға барып оқып келеді, Ұлыбританияға барып оқып келеді дегендей. Кейіннен елге келіп, діни білім алдым деп, бізді оқытады. Жастар елді дінге оқытады. Тіпті бір марқұмның шаңырағына барсақ,  біреуі «жаназасын былай оқу қажет» десе, бірі «жоқ, Құран былай оқылады» дейді. Менің ойымша, жаназа шығаруда да, Құран оқуда да, жалпы дінде әскердегі устав бар ғой сондай бірізді тұрақтылық керек. Аталған пікірімді Бас Мүфтиге де жеткіздім. Кейіннен жаңадан орнатылған діни тәртіпті ғылым жолына лайықтау қажет. Әрине, бұның басында пайғамбарымыздың сара жолы тұруы қажет.  Құранда ешуақытта жамандыққа жол берілмейді, тек қана – тазалық. Мынау елде дін төрінде жүргендер бірінші діни бірізділікті реттеп алулары қажет. Ауыл-аймақтардағы молдаларға бет бұрып, оларды оқытқандары жөн. Дін мен саясаттың терезесін тең ұстауымыз қажет.
 
Өз еліңнің ұлы болсаң, басқаның құлы болмайсың, дейді Бауыржан Момышұлы. Елдің құлы болып өсу керек. Сақтасын, бірақ сырттан жау төнсе, іштен жау шықса, Отан үшін көз ілмей, қорғанышы болуда сақадай сай болу міндет. Алтын бесігіміз – еліміз, өсіріп, өндірген жеріміз. Біз елімізге мәңгілік борышкерміз, соны әр қадам басқан сайын естен шығармау керек. Шаңырақтың бекемдігі, ынтымағы, шаңырақтағы абырой мен тәрбие осының бәрі бір парыз. Бабаларымыз бен аналарамыздың қонақжай қасиетін жоғалтпауға мәндеттіміз.
Халық қаһарманы, генерал-лейтенант,
ҚР Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев

 

 

 

Сұхбаттасқан kazaknews.kz тілшісі Жанна Ахметова
 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз