Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовті қабылдады. Министр Мемлекет басшысына министрліктің қызметі туралы есеп беріп, 2017 жылдың қорытындылары бойынша экономикалық даму көрсеткіштеріне жасалған талдау нәтижелері жөнінде мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Елбасы мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру барысында стратегиялық жоспарлау мен болжам жасаудың маңыздылығын атай отырып, «Барлық шаралар Қазақстан экономикасын дамыту үшін жүзеге асырылуға тиіс. Мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде «Бес әлеуметтік бастаманың» іске асырылу барысын зерттеу қажет. Ұлттық экономика министрлігі орталық және өңірлік деңгейдегі барлық мемлекеттік органдардың қадамдарын айқындауы керек, – деді.
Тимур Сүлейменов Мемлекет басшысына биылғы бірінші тоқсанда қол жеткізілген экономикалық даму нәтижелері және экономикамызға жалпы әлемдік үдерістердің тигізіп отырған әсері жөнінде баяндады.
Кездесу соңында Елбасы министрге Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды әрі қарай іске асыру сыны тапсырмалар берді.