Жексенбіге қараған түні Екібастұз жылу электр орталығында төтенше жағдай болды. Орталықтың күл шығаратын құбыры істемей қалған. Ақау бірнеше сағаттан соң жойылды, деп хабарлады станция әлеуметтік желідегі парақшасында.
“Төтенше жағдай салдарынан екінші ыстық су қазандығы цехының су сорғы станциясын су басқан. Ыстық резервте тұрған екі қазандық іске қосылды” деп жазылған хабарламада.
10 желтоқсан таңертең ЖЭО жұмысшылары мен төтенше жағдай басқармасының қызметкерлері су сорғы станциясынан су тартып шығарып жатқаны хабарланды.
Станция өкілдерінің айтуынша, жексенбі күні таңертең станцияда жеті қазан агрегаты істеген, ыстық су қайнататын үш қазандық уақытша мазутпен істеген.
“Алдағы бірнеше сағатта сорғы станциясын іске қосу жұмыстары аяқталады, содан кейін көмірмен жұмыс істейтін ыстық су қазандықтары кестеге сай жұмыс істей бастайды” деп жазылған хабарламада.
Өткен жылы қарашада Екібастұз жылу электр орталығында ірі апат болып, 30 градус аязда тұрғындар жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Үкімет бір жыл бойы станцияларды жөндеуге ақша бөліп, олардың жұмысын қатаң бақылайтынын айтқан.