Жайық өзені қатып, Атыраудың бір бөлігі сусыз қалды

0
60
Жайық өзені. Photo: azh.kz

Атырау қаласының кейбір бөлігі 9 желтоқсаннан бері сусыз отыр. Бұған Жайық өзенінде мұз қатып, су сору қондырғыларының жұмысы тоқтағаны себеп болған. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі қалыптасқан жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді. Комиссияға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев жетекшілік етеді.

Ал «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кеше, 9 желтоқсанында жергілікті уақытпен сағат 23:30 шамасында су беру тоқтатылған.

«Ауа райының күрт салқындауынан Жайық өзенінде мұз қатып, ағыс жылдамдығы баяулады. Осыған байланысты Атырау қаласының су тазарту кешеніне су беру тоқтатылды. Бүгін, 10 желтоқсан, таңғы сағат 4:30-да қаладағы желілерге төтенше жағдайларды болдырмау үшін төмен қысыммен су берілді. Ал «Атырау-Мақат» магистральдық құбыры бағытына, оның ішінде «Береке» шағын ауданындағы тоғыз қабатты үйлерге, Көктем, Жұлдыз-3, Теңдік, Ақсай-1, Ақсай-2 шағынаудандарына техникалық себептерге байланысты су жіберілмеді», – деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Қазір «Атырау облысы Су Арнасы» мекемесіне қарасты «Шауш» су тазарту қондырғысының сорғы стансаларындағы мұзды жою, құбырларды тазалау мақсатында облыстық төтенше жағдайлар қызметінің күштері жұмылдырылды. Алайда, төтенше жағдай ережесіне сәйкес, түнгі уақытта тазалау, басқа да су тиеу жұмыстары жүргізілмейді. Осыған байланысты барлық жұмыстар таңғы сағат 8:00-де басталды.

Жайық өзенінде мұз қатып, Атыраудағы су сору қондырғыларының тоқтап қалу жағдайы бұған дейін де болған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз