Қырғызстандағы Шолпан-Ата қаласында өтіп жатқан Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VI саммитіде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды тереңдетудің маңыздылығын атап өтіп, елдердің транзиттік әлеуетін пайдаланудың басымдықтарына тоқталды, деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.
Біздің елдеріміз құрлықтың ортасында Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын жалғастырып жатыр. Ақтауда қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенция өңіріміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға септігін тигізеді. Сондықтан, Түркі кеңесі көлік және теңіз әкімшілігі министрлерінің кездесуі аясында тариф саясаты мен әкімшілік тәртіптерді жеңілдету жөніндегі жұмыстарды белсенді жүргізуі керек, – деді Қазақстан президенті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуына орай мемлекет басшысы түркі халықтарының рухани жаңғыру мәселесіне тоқталып, осы елдердің қасиетті орындарын көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа лайықты мұра етіп қалдыру үшін Түркі кеңесінің жанынан «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім», «Түркі әлемінің киелі жерлері» арнайы жобаларын әзірлеуді ұсынды.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Түркі кеңесінің басқарушы органдарының қызметін оңтайландырып, тиімділігін арттыру мәселелеріне арнайы тоқталды. Жиын соңында мемлекет басшысы қырғыз тарапын Түркі кеңесіне төрағалығының басталуымен тағы да құттықтап, табыс тіледі.
Мемлекеттер басшылары саммиттің қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойды:
1. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі VI саммитінің декларациясы.
2. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы мен оның орынбасарын тағайындау туралы шешім.
3. Венгрияға Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіндегі бақылаушы мәртебесін беру туралы шешім.
Мемлекеттер басшылары саммит қорытындысы бойынша мынадай құжаттар қабылдады:
1. Түркі тілдес мемлекеттер интеграциясының тұжырымдамасы.
2. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері басшыларының ұлттық спорт түрлері саласындағы ынтымақтастықты дамыту және жастар саясаты туралы бірлескен мәлімдемесі.
3. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері басшыларының Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына байланысты бірлескен мәлімдемесі.